KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Риддер қысқы туризмді қалай дамытады?

фото: altaynews.kz

15.01.2024, 16:43 98

Жарқыраған күн, аязды таза ауа, қар басқан таулар мен қылқан жапырақты ормандар – мұның бәрі Швейцария емес, Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының ғажайып табиғаты. Жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер келеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бүгінде Риддерде 38 туризм нысаны тіркелген. Олардың ішінде екі тау шаңғысы базасы, қонақ үйлер, бунгало және демалуға арналған басқа да көптеген орындар бар. Сонымен қатар, қалада екі туроператор және бес туристік агенттік жұмыс істейді.

 «Батыс Алтай мемлекеттік қорығының базасында бес туристік бағыт жұмыс істейді: «Алёшкины стёжки», «Заповедные дали», «Каменная сказка», «Батыс Алтай эталоны» және «Убинские перекаты» жаңа бағыты. Туристер арасында тау шаңғысы, сноуборд, фрирайт және рафтинг сияқты спорт түрлері танымал.

- Келесі жылы туризм саласындағы бірнеше жобаны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Атап айтқанда, біз бірнеше жаңа демалыс базаларын, қонақ үй кешенін, марал өсіру-емдеу шаруашылығын салуды және спорттық балық аулауды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, жазғы туризмді де дамытамыз, - деді Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Данияр Мұхтаров.

"Beer Log" демалыс базасының құрылысы - биыл аяқталуы жоспарланған жобалардың бірі. База басқарушысы Валерий Демидовтың айтуынша, жоба әлі аяқталмағанына қарамастан, бұл көрікті жер тек Қазақстан мен Ресейдің ғана емес, жақын және алыс шетелдердің туристері тарапынан да үлкен сұранысқа ие.

- Биыл бізде Англиядан, Финляндиядан келген қонақтар болды.  Барлық шетелдік туристер экотуризмді жақсы көреді, сондықтан оларға біздің тұмса табиғатымыз ұнайды. Біз қонақтарымызға қарда жүретін көліктермен, сноубордпен жүруді ұсынамыз, жақында фрирайт қосылады. Жоспарда - гидтермен жазғы маршруттарды дамыту,- дейді Валерий Демидов.

Бүгінде қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметінше, өңірде туристік саланы қолдау және дамыту үшін кәсіпкерлерге жер телімдері бөлініп, құқықтық және қаржылық қолдау көрсетілуде. Жалпы, туристік саланы дамыту қала экономикасын әртараптандыру шеңберіндегі басым міндеттердің бірі, оны дамыту үшін барлық мемлекеттік органдардың күш-жігері талап етіледі. Сондықтан Риддер әкімдігі бұл жұмысты жалғастыруды және үнемі бақылауда ұстауды жоспарлап отыр.

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив