KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Шығыс Қазақстанға келуші туристтер саны артуда

Фото: pexels.com

4.12.2024, 19:30 47 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан табиғи мұраларымен және мәдени дәстүрлерімен саяхаттаушыларды баурап, жаңа әсерлер іздеген жандар үшін тартымды орынға айналуда. Жергілікті агенттіктер ұйымдастырған аймақтық турлар республика тұрғындары мен қонақтарына табиғаттың кереметін сезінуге, аймақтың тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туристер экологиялық жобаларға қатысу арқылы экологиялық мәдениетті де нығайтады.

Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығы 86122 га аумақты алып жатыр. Қазақстандағы ең ірі қорық емес, осыған қарамастан көптеген қызықты жерлер мен жұмбақ құбылыстар бар. Барлық көрнекті жерлері, керемет көріністерімен таңдандырады.

ШҚО-дағы негізгі жазғы бағыттар джип-турлар мен аймақтың ең биік нүктелеріне жаяу саяхаттарды қамтиды. Мысалы, Ворошилов шыңының етегіндегі Радон көліне көтерілу – ең танымал бағыттардың бірі. Агенттік өкілі айтқандай, «бұл жерге жету қиын және оған дайындалған жол талғамайтын көліктер мен тәжірибелі жүргізушілер қажет. Дайындықсыз туристер үшін бұл жерге жаяу жету мүмкін емес».

Аймақтың тағы бір маңызды көрікті орны – Каменная Сказка қорығы немесе оны «Линейские столбы» геоархитектуралық кешені деп те атайды. Мұнда алып гранит жартас шоқылар тау ертегісінің тірі куәсіндей көрінеді.

Каменная Сказка әлемнің түкпір-түкпірінен туристердің назарын аударуда. Ол Линейский жотасының шығыс баурайында орналасқан. Бұл ерекше тастар Алтай тауларының күш-қуатының символы іспеттес, – деді Piligrim агенттігінің өкілі Анастасия Ишунина.

Жаяу маршруттардың ішінде тау көлдеріне саяхат және Риддер қаласының символына айналған «Үш Ағайын» шыңына көтерілу ерекше орын алады. Шығыс Қазақстан облысына саяхаттап келген туристер мен риддерліктердің арасында оң жақтағы «Ағайынға» жеткізер бағыт аса танымал.

Бүгінгі таңда этнотурлар да өз жанкүйерлерін табуда. Мысалы, Риддерден бар болғаны 25 км жерде орналасқан Поперечное ауылы староверлердің тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік береді. Туристер бұл жерде зығырдан тігілген киімдермен фотосессия жасап, үй ірімшігін және жергілікті сүт өнімдерінің дәмін көре алады. Сондай-ақ жасы 100 жылға жуықтайтын, күйдірілген саздан жасалған пеші бар АРТ-үйде демалуға мүмкіндік бар.

– Біз қолжетімді эко-туризмді қолдап, туристерге тек табиғатты ғана емес, көне дәстүрлердің рухын сезінуге мүмкіндік береміз, – деді агенттік өкілі Анастасия.

Қыста ШҚО туристерге әртүрлі белсенді демалыс түрлерін ұсынады. Саяхатшылар ит жегілген шанада сырғанау, шаңғы тебу және қарлы тауларда снегоходта серуендеу сияқты демалыс түрлерін тамашалай алады. Бұдан бөлек, отбасылар мен физикалық дайындығы төмен адамдарға джип-турлар, монша рәсімдері, қолөнер шеберлік сабақтары және табиғи өсімдіктерді жинау кіретін комбо-турлар ұсынылады. Мұндай турлар табиғатпен тығыз байланыста болып, тыныштық пен оқшаулық сезімін алуға мүмкіндік береді.

Риддерде екі мезгіл тамақтану мен тасымалдауды қамтитын жазғы жаяу тау турларының құны 13 000 теңгеден басталады, бұл оларды кең аудиторияға қолжетімді етеді.

– Бұл орташа физикалық дайындығы бар адамдарға қолайлы, бюджеттік демалыс нұсқалары. Туристер кейде турлардың кешкі уақытта аяқталуы мүмкін екенін ескеруі керек, – деді агенттік.
- Аймақтағы агенттіктер турлар ұйымдастырумен ғана шектелмей, табиғатты қорғау жұмыстарын белсенді түрде жүргізеді. Олар сенбіліктер ұйымдастырып, ағаш отырғызады, тау шыңдарын абаттандырып, батырларға арналған стеллаларды орнатады. – Біз бұл жерлердің табиғаты мен рухын сақтап, оларды келер ұрпаққа бүтіндей жеткізуге тырысамыз, – деді Анастасия.

Жыл өткен сайын Шығыс Қазақстан туризмі жергілікті тұрғындар мен басқа аймақтардан келушілер арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Агенттік өкілдерінің айтуынша, өткен жылы аталған агенттік ұсынған турларға 600-ге жуық адам қатысты, олардың 90 пайызы Өскеменнен келген екен. Шығыс Қазақстандағы туризм жергілікті қауымдастықтарды қолдап қана қоймай, сонымен бірге табиғи байлықтар мен мәдени мұраны сақтауға да көмектеседі. 2023 жылы Шығыс Қазақстанға 370 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 400 мыңға жетті.

Жансая Саянқызы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу