KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Өскеменде есірткіге қарсы жаттығу өтті

20.06.2025, 15:00 143 Айдос Мырзахметов

Өскеменде ашық аспан астында ерекше таңғы жаттығу өтті. Шараны ШҚО полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл спорттық шара салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды зиянды әдеттерден сақтандыруға бағытталған. Жаттығуға қала тұрғындары мен «Ақтай» дзюдо клубының спортшылары белсене қатысты.

Жиынды кеңес төрағасының орынбасары Қорлан Тұғамбаева ашып, жастарды спортқа баулудың маңыздылығына тоқталды. Кеңес мүшелері Руслан Талғатұлы мен Лев Саркисян да өз сөздерінде нашақорлықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін атап өтті.

Жаттығуды дзюдодан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем кубогының бірнеше мәрте жеңімпазы Айдын Смағұлов өткізді. Танымал спортшының жаттығуына қатысушылар ерекше қызығушылықпен қатысып, спорттың денсаулыққа пайдасы мен тәртіптің рөлін жақсы сезінді.

– Мұндай іс-шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, оларды зиянды әдеттерден сақтайды. Ең бастысы – дұрыс таңдау жасай білу, – дейді Айдын Смағұлов.

Жаттығу соңында қатысушылар әуе шары ұшырып, бұл сәтті жарқын болашақ пен салауатты өмірдің символы ретінде қабылдады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу