KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
509.94 593.88 6.43

Мемлекет пен қоғам бірлессе – заң мен тәртіп нығаяды

24.06.2025, 10:00 230 Гульжан Мусина

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеп, саланың маңыздылығына тоқталып, еліміздің тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Ақмола облысында қолға алынған «Зиялы қауым» жобасы ауылдағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауда жаңа серпін беріп отыр. Бұл бастама – жергілікті билік, ақсақалдар және шаруалар бірлесе жұмыс істеп, учаскелік инспекторларға қолдау көрсететін үлгілі тәжірибе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде ерекше атап өтті. Оның айтуынша, заң мен тәртіп тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы керек. Ауыл әкімдері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар бірігіп жұмыс істесе, ел ішінде тәртіп те, тыныштық та сақталады. 

- Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Қазір Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.  Сондай-ақ бүгін мен бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттаймын. Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар, - деді Мемлекет басшысы.

«Зиялы қауым» жобасының басты ерекшелігі – учаскелік инспекторлар жалғыз емес. Олармен бірге ауыл ақсақалдары, беделді азаматтар мен шаруалар тәртіпті бақылауға атсалысып жүр. Тұрғындар тәртіп сақшыларына тек бақылаушы ретінде емес, серіктес ретінде қарай бастады.

Бұл – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Жоба арқылы полиция мен халық арасындағы сенім артып келеді. Қарапайым ауылдарда ұрлық-қарлық азайып, тұрғындар қауіпсіздікке бейжай қарамайтын болған.

Президент осындай бастамалар басқа өңірлерде де жалғасын табуы керек екенін айтты. Жергілікті жұрттың өзі тәртіпке үлес қосса, қоғам да тұрақты, мемлекет те мықты болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу