«Ақ Берел» туристік маршруты қайта ашылады: қауіпсіздік талаптарын ескеріңіз
28 маусымнан бастап туристерге арналған «Ақ Берел» маршруты қайта ашылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Катонқарағай ұлттық паркінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық парк мамандарының мәліметінше, өзендегі судың деңгейі төмендеген. Осыған орай мемлекеттік инспекторлар бағытты толық тексеріп, атты патрульмен өткелдерден өтіп көрді. Қазір бұл бағыт қауіпсіз деп танылып, туристерді қабылдауға дайын.
Алайда саяхатшыларға ескеретін жайт бар: Ақ Берел – жоғары күрделілік деңгейіндегі бағыттардың бірі. Сондықтан атқа міну тәжірибесі аз немесе алғаш рет таулы аймаққа сапар шегіп жатқан адамдарға бұл маршрутқа шығу ұсынылмайды.
Ұлттық парк өкілдері туристерге тәжірибелі гидпен және арнайы дайындықпен ғана жолға шығуға кеңес береді. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығын және маршрут талаптарын ескеруді де ұмытпаған жөн.
Қосымша ақпарат пен маршрутқа қатысты кеңесті ұлттық парктің ресми парақшасынан немесе инспекторлардан алуға болады.