KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
507.05 594.82 6.51

Жұмыс сапары: Вице-министр өндіріс ошақтарын аралады

27.06.2025, 17:25 322 Айна Ескенқызы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, жастарды өндірістік практикаға тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сапар барысында вице-министр Өскемен қаласындағы «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығы мен әкімшілік кешенінің құрылысы, «KAZMETALEXPORT» ЖШС, Арматура зауыты және «Востокмашзавод» кәсіпорындарындағы жұмыстарды көрді.

– Бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі экономикалық жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, кездесіп отырған мәселелерді анықтап, шешу жолдарын қарастыру. Қазіргі таңда облыста 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде ірі өндіріс орындары жыл соңына дейін жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр, – деді Асқар Биахметов.

Вице-министр еңбек нарығындағы мамандарға сұраныс пен колледждердегі білім беру бағыты арасында алшақтық барын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беру арқылы шешілуі тиіс.

– Мәселе – кадр даярлау жүйесі мен өндіріс қажеттілігі арасындағы сәйкессіздікте. Мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдар беруді жолға қою қажет, – деді ол.

Айта кетейік, 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Бұл бастама еңбек қатынастары мен халықты жұмыспен қамту ісін жетілдіруге сеп болады.

Бүгінде Еңбек процесін дамыту орталығы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Орталық мамандары 16-дан астам ақпараттық жүйе әзірлеген. Олар еңбек қатынастарын, жұмысқа орналастыруды, салалық ерекшеліктерді және әлеуметтік қолдауды цифрландыруға арналған.

Сапар аясында вице-министр өңір, аудан әкімдерімен және басқарма басшыларымен кездесіп, еңбек нарығына қатысты нақты ұсыныстарын айтты. Әсіресе қауіпсіздік, цифрландыру, жүйелі мониторинг, кадр тапшылығын болжау және түлектерді мамандығына сай жұмысқа орналастыру мәселелеріне басымдық берілді.

Министрлік алдағы уақытта да өңірлермен тығыз жұмыс жүргізіп, еңбек нарығын дамытуға күш салмақ.

Фото: Екатерина Семина

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу