KZ
Өскемен
-14°
туман жел 1 м/с, СБ
495.28 518.41 5.44

ҚР Қаржы вице-министрі Шығыс Қазақстандағы өндіріс орындарымен танысты (видео)

22.11.2024, 17:30 171 Төлеуғазы Жансая


ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Маратұлы Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты мен «Рауан» өндірістік сауда компаниясының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласындағы өнеркәсіптік арматура зауыты 2013 жылдан бері ірі өндірістік кәсіпорындарға қажетті материалдарды әзірлеп, жеткізіп келеді. Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары — мұнай өндіруші компаниялары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары.
Кәсіпорын жұмысын бастаған уақыттан бері түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелік жеңілдіктер мен субсидия түріндегі қолдау алып, өз ісін дамытқан.

– Өскемен қаласына іссапар барысында арматура зауытына барып, арматураның қалай дайындалатынын, жеткізілетінін және нарыққа шығарылу процесін көрдім. Самұрық-Қазына қорының еншілес компаниялары осы мекеменің негізгі тұтынушылары екен. Қазіргі таңда отандық тауар өндірушілерді қолдау үлесі 70%-ды құрайды, – деп атап өтті Дәурен Маратұлы.

Сонымен қатар, Қаржы вице-министрі тек өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша бірегей «Рауан» өндірістік сауда компаниясының жұмысымен танысты. Бұл компания әлеуметтік бизнес бағытын дамытатын тігін фабрикасы. Әлеуметтік бағдарламалар аясында ол мансап орталықтары арқылы көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі, төсек тартып жатқан балалар мен ересектерге арналған арнайы киім тігумен айналысады.

– «Рауан» фабрикасының жұмысы ерекше құрмет пен қолдауға лайық. Үкімет алдында осы өндіріске қолдау көрсету туралы мәселені міндетті түрде жеткіземін. Үкіметтің басты мақсаты — отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау. Бұл сатып алу, субсидия беру немесе тапсырыс ұйымдастыру арқылы іске асуы мүмкін. Біз өндірістің өркендеуі үшін қолдауымызды аямауға дайынбыз, – деді вице-министр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу