Ақмәди Сарбасов: – «Казцинкмашта» жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалыпты
Облысымызға іссапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Риддердегі «Казцинкмаш» кәсіпорнының цехтарын аралап көріп, жұмысымен жақынырақ танысты.
Сонымен қатар өндіріс орнында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, сонау 1915 жылы іске қосылған бұл кәсіпорын 2004 жылы «Казцинкмаш» атауымен қайта құрылған. Бүгінде республикамыздағы тұрақты да қарқынды дамып келе жатқан машина жасау кәсіпорындарының бірінен саналатын «Казцинкмаштың» өндірістік цехтары Риддер мен Өскемен қалаларында орналасқан. Зауыт «Казцинк» ЖШС-нің меншікті металлургия мен тау-кен байыту өндірістерін, сондай-ақ ішкі, сыртқы нарықтағы қара және түсті металлургияның басқа да кәсіпорындарын жабдықтармен әрі қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етеді. Бүгінде өз саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын мәртебесіне ие «Казцинкмашта» 1 100-ге жуық адам еңбек етеді.
Өнідіріс орнында өзге мәселелермен қатар, еңбек қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінуде. Мұны кәсіпорын цехтарын аралап, жұмысшыларымен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов та атап өтті.
Кездесу барысында вице-министр 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілгенін еске салды.
Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшылары тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарын қайта қарау, сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты да сұрақтар қойылды.