KZ
Өскемен
-1°
снег жел 7 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Марқакөлде маса мен шыбын-шіркейге қарсы биопрепарат қолданылуда

pixabay.com

30.06.2025, 14:00 243 Айна Бакимбаева

2025 жылы Марқакөл ауданы аумағында маса мен шыбын-шіркей сияқты қан сорғыш жәндіктердің санын азайту мақсатында кешенді дезинсекциялық жұмыстар қолға алынды. Бұл шараға аудандық бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, арнайы биологиялық препарат қолданылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Марқакөл ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Бейсеновтің айтуынша, жұмыс басталар алдында Ертіс өзенінің Марқакөл өңіріндегі жайылымдық алқаптарда энтомологиялық зерттеу жүргізілген. Зерттеуге биология саласының ғылыми мамандары тартылып, маса мен шыбын-шіркейдің мекен ету ортасы мен дернәсілдерінің таралу ауқымы анықталған.

– Нәтижесінде Боран, Қалжыр және Марқакөл ауылдарының айналасындағы бес мың гектар аумақта дезинсекциялық өңдеу жүргізілді. Бұл мақсатта маса мен шыбын-шіркейдің дернәсілдеріне қарсы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, табиғатқа зияны жоқ Bacillus thuringiensis бактериясына негізделген ұнтақ түріндегі биологиялық инсектицид қолданылды, – деді Нұрсұлтан Бейсенов.

Алғашқы нәтижелер биопрепараттың тиімділігін көрсетіп отыр. Дернәсілдерді жою арқылы жәндіктердің көбеюі мен таралуы айтарлықтай тежелген. Жұмыстар тамыз айына дейін жалғасады.

– Жыл соңында атқарылған шаралардың тиімділігі жөнінде ғылыми есеп дайындалады. Оның негізінде 2026 жылы жүргізілетін дезинсекциялық жұмыстарға қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді. Бұл жүйелі тәсіл табиғатты қорғаумен қатар, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді, – деді әкімнің міндетін атқарушы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу