KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность Штиль
512.83 600.58 6.36

Марқакөлде коммуналдық жүйелерге жөндеу жүріп жатыр

30.06.2025, 15:00 248 Айна Бакимбаева

Марқакөл ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында су беру жүйелерін жаңғырту және коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Марқакөл ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Бейсенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Атап айтқанда, Боран ауылындағы су желілері мен су беру жүйесін жөндеуге аудандық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «Айкен Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Жұмыс сәуір айында басталды, шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Мақсұтұлы.

Бүгінде ұзындығы бір шақырым тозған су құбырлары жаңартылып, 55 су краны ауыстырылған. Сонымен қатар, құдықтарды судан оқшаулау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1-ші және 2-ші су көтеру станцияларына қажетті сорғы қондырғыларын сатып алу мен жеткізу бойынша келісімшарт жасалып, дайындық шаралары қолға алынған.

Сонымен қатар Теректі ауылдық округіндегі орталықтандырылған қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл бағытта екі қазандыққа жөндеу жүргізу, бір қазандықты толық ауыстыру, апатты деп танылған түтін құбырын жаңарту және ішкі электр желілерін жөндеу көзделген. Аудандық бюджеттен бұл жұмыстарға 10 миллион теңге бөлініп, жұмыстар басталып кеткен.

Аталған шаралар ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен және тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу