KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, С
510.18 601.91 6.51

Марқакөлде ауыл жолдары жаңартылып жатыр

pixabay.com

1.07.2025, 18:00 273 Айна Бакимбаева

Марқакөл ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 394 шақырым болатын жол желісінің 77 шақырымы республикалық, 147 шақырымы облыстық, ал 170 шақырымы аудандық маңызы бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Мақсұтұлының айтуынша, биыл ауылішілік жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Игілік ауылында 4 шақырым жол жөнделіп, 9 миллион теңге бөлінсе, Жиделі ауылындағы 9 шақырым жолға 32 миллион теңге қарастырылған. Жаңаауылда 3 шақырым жол жаңарып, бұл жұмысқа 12 миллион теңге жұмсалды. Бұған қоса, Қалжырда 4,8 шақырым, Такырда 2 шақырым жол жөндеу басталды.

Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында да нақты істер қолға алынған. Аудан аумағындағы жол белгілері мен бағдаршамдарды қалпына келтіруге 25 миллион теңге бөлінген.

– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Боран ауылындағы бірнеше көшеде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Нұрғалиев, Больничная, Қабанбай және Қалжыр көшелеріне жүргізіліп жатқан жұмыстарға 131,7 миллион теңге бөлінді, – деді Нұрсұлтан Мақсұтұлы брифингте.

Сондай-ақ Қалжыр ауылындағы Нұрмұханов көшесінің 1,5 шақырым бөлігі де жөнделуде. Бұл жұмысқа 95,5 миллион теңге бағытталған.

Биылғы жылдың тағы бір маңызды бағыты – аудандық маңызы бар жолдарды паспорттау және техникалық жағдайын тексеру. Бұл алдағы жөндеу жұмыстарын дұрыс жоспарлауға және жол сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, қолға алынған кешенді шаралар Марқакөлдегі елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу