KZ
Өскемен
-25°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Өскеменде шығармашылық жобаларға қолдау күшеймек

2.07.2025, 17:20 250 Арайлым Орсаринова

Өскеменде өткен «Креативті индустриялар – аймақтың инвестициялық тартымдылығының факторы» атты семинарда шығармашылық бағыттағы кәсіпкерлер мен мамандар бас қосты. Шараны қала әкімдігіне қарасты OSKEMEN CREATIVE орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Семинар жұмысына креативті индустрия саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер, дизайнерлер, IT-мамандар, жарнама мен өнер саласының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар қатысты. Шараның модераторы – Қазақстан Креативті Индустриялар Альянсының президенті, дизайнер және бизнес-жаттықтырушы Айка Әлемі.

Ол қатысушылармен өз тәжірибесімен бөлісіп, креативті жобаларды нарыққа шығару, халықаралық деңгейге көтеру, бренд қалыптастыру, сондай-ақ инвесторлармен жұмыс істеу және инвестициялық жобаларды қорғау тәсілдері туралы баяндады.

– Креативті индустрия – бұл экономиканың жүрегі. Негізгі ерекшелігі – материалдық ресурстардан гөрі, идея мен шығармашылық қабілет басты ресурс. Креативті индустрия инновацияны дамытумен қоса жаңа жұмыс орындарын ашып, ұлттық экономиканы әртараптандыруға көмектеседі. Яғни, белгілі бір шығармашылық өнімді брендке айналдырып, содан пайда табуға болады. Егер өңірлер осы саланы қолдаса, жастар қаладан кетпей, өз идеяларын осында жүзеге асырады. Өскеменде соған толық әлеует бар, – деді Айка Әлемі.

Семинар бағдарламасында креативті жобаларды іске қосу және экспорттау, инвесторлар, дистрибьюторлар мен байерлерді тарту жолдары туралы сөз болды. Сонымен қатар кино, музыка, сән, ойын және киберспорт бағыттарына арналған инкубаторлар мен акселераторлар мәселесі талқыланды. Презентация, интерактивті дәріс пен пікірталас түрінде өткен жиында аймақтың инвестициялық имиджін арттыру мүмкіндіктері қарастырылып, танысу, тәжірибе алмасу және серіктестік құруға бағытталған нетворкинг ұйымдастырылды.

– Бұл шараның мақсаты – Өскемендегі шығармашыл жастар мен кәсіпкерлерге нақты бағыт-бағдар беру. Креативті индустрия – болашағы зор сала. Біз бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істейміз, – дейді OSKEMEN CREATIVE орталығының директоры Аяжан Қайырханқызы.

Семинардың маңызды бөлігі – креативті жобалар питчингі болды. Қатысушылар өз идеяларын ортаға салып, сарапшылардан кері байланыс алды. Олардың қатарында қысқаметражды және деректі фильмдер түсіруге арналған толық циклді продакшн-стадия ашу,  «EasyMap» – инклюзивті локациялар картасы, экологиялық таза киім мен аксессуарлар компаниясы, «BAY»  – асыл және табиғи тастардан зергерлік әшекей бұйымдар жасау өндірісі, Марқакөлдегі туристік жобалар бар. Жиында қолөнер мен білім саласындағы тың бастамалар мен идеялар ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Өскеменнің креативті экономика бағытын айқындап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Фото/видео: Жалғас Сақадиев


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу