Прокуратура тексерісі: Уақытша ұстау изоляторларында заңбұзушылықтар анықталды
Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен Тәртіп» республикалық акциясы аясында прокуратура органдары азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе, қоғамнан уақытша оқшауланған азаматтардың жағдайына ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы бағытта Өскемен қаласының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, уақытша ұстау изоляторларына (УҰИ) жоспарлы тексеру жүргізді. Тексеру барысында санитарлық талаптардың сақталуы, тұрмыстық жағдайлар мен ұстау режимі мұқият қаралды.
2025 жылдың басынан бері қылмыстық қудалау органдары 138 адамды ұстаған. Олардың 97-сіне қатысты сот қаулысымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Алайда тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, санитарлық-тұрмыстық жағдайларға қатысты ескерту жасалды. Прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретінін хабарлады.