KZ
Өскемен
-13°
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
507.05 594.82 6.51

Инвесторлардың құқығы – ерекше бақылауда

24.06.2025, 19:30 4 600 Гульжан Мусина

Елімізде шетелдік және отандық инвесторлардың құқығын қорғау – прокуратура қызметінің басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде еліміздің прокуратура органдары инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда прокурорлардың бақылауында жалпы құны 64 триллион теңгені құрайтын 1130 ірі инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар Қазақстан экономикасы үшін маңызды рөл атқарады және елге шетелдік капитал тартуға ықпал етеді.

2023 жылдың сәуірінен бері прокуратура 800-ден астам проблемалық мәселені шешіп, 1350-ден астам инвесторға нақты көмек көрсетті. Олардың қатарында Франция, Түркия, Қытай, Сингапур және басқа да елдерден келген шетелдік бизнес өкілдері бар. Бұл инвесторлардың ел экономикасына құйған қаржысы 10 триллион теңгеден асады.

Инвесторларды негізсіз қысымнан қорғау мақсатында «прокурорлық сүзгі» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың инвесторға қатысты маңызды шешімдерді – тексеру, айыппұл салу, лицензиядан айыру немесе қызметін тоқтату сынды әрекеттерді – прокурордың келісімінсіз қабылдауына жол бермейді.

Бұл тек заңның талаптарын қатаң сақтау ғана емес, сонымен қатар әр жағдайға парасатпен қарауды, инвестор мүддесіне зиян келтірмеуді көздейді.

2024 жылы бұл тәжірибе заңмен бекітіліп, Парламент пен Президент тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде 880-нен астам заңсыз шешімге келісім берілмей, 360 тексеру тоқтатылды. Сонымен қатар, 330 әкімшілік іс жүргізу мен 200-ге жуық шектеу шаралары жойылды.

Инвесторлардың құқығын бұзғаны үшін 225 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Бұл – шенеуніктер тарапынан жіберілген заңбұзушылықтарға тосқауыл қойылып жатқанын көрсетеді.

Жалпы, қабылданған шаралар өз жемісін беруде. Инвесторларға қатысты талап-арыздар саны 25%-ға, ал әкімшілік және қылмыстық істер саны екі есе азайған.

Прокуратура органдары еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастыра бермек. Бұл салада ашықтық пен әділдік басты қағида болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу