KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Жеңіс тұғырындағы жерлестер: халықаралық жарыс жеңімпаздары марапатталды

4.08.2025, 18:05 1 061 Айдос Мырзахметов

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған Шығыс Қазақстан спортшыларын қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесу барысында аймақ басшысы спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт ардагерлерін халықаралық аренада қол жеткізген толағай табыстарымен, сондай-ақ алдағы Спорт күнімен шын жүректен құттықтады.

— Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар және спорт ардагерлері! Сіздерді әлемдік және құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, ел байрағын көкке көтерген тарихи жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Табандылықтың, күнделікті дайындық пен тынымсыз еңбектің жемісін көрсеттіңіздер. Мұндай жеңістер бүкіл Шығыс Қазақстан жұртшылығына озық үлгі екені сөзсіз, — деді облыс әкімі.

Тбилиси қаласында өткен семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тұңғыш рет үшінші орын алып, қола медаль иеленді. Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов сайысқан команда Францияның бірнеше дүркін Олимпиада чемпиондарын жеңіп, ел спорт тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Жарыс барысында олар Ресей, Қытай, Италия командаларымен кездесіп, ширек финалда Жапония құрамасына жол бергенімен, жігер танытып, үшінші орын үшін болған кездесуде жеңіске жетті.

16–18 мамыр аралығында Сингапурда көркем гимнастикадан өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Евгения Вендиревская, Әлия Бақытқызы, Ксения Шимолина, Томирис Вахлова, Елизавета Егорова және Анастасия Чащина спорттық шеберліктің биік деңгейін көрсетті.

Ал 27–31 мамырда Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Елизавета Матвеева күміс жүлде жеңіп алып, еліміздің абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.

Салтанатты шарада облыс әкімі спортшылармен және жаттықтырушылармен еркін пікірлесіп, ашық диалог құрды. Кездесу соңында халықаралық деңгейде Қазақстанның атын шығарған спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу