Индустриялық аймақ: ШҚО-да GDP жүйесі бойынша «А» санатындағы тұңғыш фармацевтикалық терминал ашылды
Шығыс Қазақстанда заманауи фармацевтика логистикасының жаңа кезеңі басталды: Өскеменде санатындағы үлестіру орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл – Шығыс өңірі үшін тек экономикалық емес, стратегиялық маңызға ие оқиға. Аумағы 7000 шаршы метрді құрайтын хабта 4000-нан астам паллетке арналған орын бар. Нысан халықаралық GDP стандарттарына сәйкес келеді және дәрілік заттарды сақтау мен таратуда ең жоғары талаптарды қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның жалпы құны – 4,4 млрд теңге. Осы соманың барлығы – инвестордың жеке қаражаты. COVID-19 пандемиясы, жаһандық тұрақсыздық, экономикалық белгісіздік – осы сын-қатерлер кезеңінде жобаны жүзеге асыруға бел буған компания, шын мәнінде, алыс болашақты ойлай алатын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары құрылым екенін көрсетті.
Аталмыш нысан жоғары білікті мамандарды 100-ден астам жұмыс орнымен қамтымақ. Мұнда логистер, сапа мамандары, фармацевтер жұмыс істейді. Сәйкесінше, бұл жоба өңірлік мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға серпін береді.
Компания жоба аясында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен және ШҚО әкімдігімен серіктестікте жұмыс істеді. Бірнеше тараптың бірлескен қадамы нақты нәтижеге жеткізгені айтпаса да түсінікті.
Өңірлік билік бұл жобаны тек кәсіпкерлік табыс ретінде емес, болашаққа жасалған сенімді қадам деп бағалап отыр.
Ал индустриялық аймақтарды ары қарай дамытуды жалғастырушы «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Таңат Сағатұлы мұндай кәспорындардың бой көтеруіне жағдай жасау – басты миссиялардың бірі деп атап өтті.
«Медсервис Плюс» – 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, еліміздің дәрі-дәрмек жеткізу нарығындағы көшбасшы компания. Бүгінде оның қанжығасында 7 900-ден астам өнім атауы бар, ел бойынша 14 филиал жұмыс істейді, 1500-ден астам адам еңбек етеді. Компания 320-дан астам халықаралық өндірушімен тікелей әріптестік орнатқан. Соңғы он жылда 18 млрд теңгеден астам инвестиция салып, 20 млрд теңгенің үстінде салық төледі. Жаңа технологиялар мен ESG стандарттарын енгізу арқылы компания елдегі фармацевтика жүйесінің сапалық деңгейін жаңа сатыға көтеріп отыр.
Өскемендегі хаб – осы ұзақмерзімді стратегияның нақты көрінісі. Бұл – бір жобадан әлдеқайда кең ауқымды мақсаттарға бастайтын инфрақұрылымдық шешім. Енді Шығыс Қазақстанда дәрі-дәрмек сақтаудың, таратудың, логистиканың және фармацевтикалық қызмет көрсетудің жаңа сапалық орталығы қалыптасып жатыр.


