Риддерде дәстүрлі «Медовый Спас – 2025» фестивалі өтеді
depositphotos.com
Риддер қаласында 16-17 тамыз күндері дәстүрлі «Медовый Спас – 2025» фестивалі өтеді. Ерекше мәдени шараны «Бумеранг» КЭО және «Родные традиции» белсенділер тобы ұйымдастырады. Іс-шараға Риддер қаласы әкімдігі, негізгі демеуші «Казцинк» ЖШС, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен демалыс базалары қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен омарташылар келіп, жоғары сапалы бал жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар әртүрлі бағыттағы қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, ШҚО фольклорлық ұжымдары мен Ресейден шақырылған этникалық әртістердің қатысуымен көңілді концерттік бағдарламалар ұсынылады. Биыл қонақ ретінде Новосибирск қаласынан Оболенскийлер отбасы ансамблі шақырылған.
Шараның бірінші күні мәдени-көпшілік іс-шаралар, ойын-сауық бағдарламалары, жәрмеңкелер мен концерттер өтсе, екінші күні халық шеберлері мен қолөнершілер түрлі шеберлік сабақтарын өткізеді. Мереке ұлттық киімдер, хороводтар, жарқын түстер мен эмоцияларға толы, көркем әрі ауқымды шара ретінде ерекшеленеді.
Медовый Спас – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан көне орыс мерекесі. Ол бал жинау және өнім ору кезеңімен байланысты және тамыз айының екінші онкүндігінде атап өтіледі. Мерекенің тамыры ежелгі язычество дәуіріне кетеді.
Фестивальдің басты мақсаттары – халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау, салауатты өмір салтын қолдау, ШҚО бал өндірушілерінің қызметін дамыту және танымал ету, сондай-ақ экотуризмді ілгерілету. Брендке айналған мереке жергілікті туристік компанияларға өңірге туристер мен қонақтарды тартуға мүмкіндік береді.
Фестивальге 5000–6000 адам қатысады деп күтілуде. Қонақтар географиясы кең: Риддер, ШҚО-ның басқа қалалары, Қарағанды, Павлодар, Астана, Алматы және көрші Ресей қалалары.
Тағылымды шара екі күнге жалғасады. Бірінші күні «Громотуха» демалыс базасында халық қолөнері шеберлерінің жәрмеңкесі мен бал өндірушілерінің көрмесі, фотозоналар, кәсіби фотосессиялар, ең үздік бал байқауы, фольклорлық топтардың концерті және ресейлік халықтық ән орындаушыларының бағдарламасы ұйымдастырылады. Сонымен қатар балаларға арналған ойындар мен түрлі конкурстар өтеді.
Екінші күні «3 брат» демалыс базасында халық шеберлерінің шеберлік сабақтары, жәрмеңке, хороводтар және ойын-сауық бағдарламалары жалғасады. Шараны Риддер мен Өскемен қалаларының еріктілері ұйымдастырады. Фестиваль коммерциялық мақсатсыз өткізіліп, демеушілердің қаржылық қолдауымен жүзеге асады.