ШҚО-да биыл 7 айда 20 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді
depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында заң бұзушылықтарды анықтау және оларды жою бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Нәтижесінде түрлі салада 199 әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заң бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу тәртібін сақтамауға қатысты болды. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік ережелерінің бұзылуы, бюджеттен берілген кредитті мақсатсыз пайдалану фактілері де тіркелген. Кей жағдайда мемлекеттік инспекторлардың жұмысын қиындату немесе олардың талаптарын орындамау жағдайлары да орын алған.
Жалпы алғанда, аталған кезеңде 20 миллион 760 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 20 миллион 249 мың теңге бюджетке өндірілді. Бұл – департаменттің айыппұлдарды өндіру ісінде тұрақты әрі жүйелі жұмыс істеп отырғанының айғағы.
Сонымен қатар ішкі аудит департаменті әкімшілік істер бойынша қысқартылған тәртіпті де жиі қолданады. Бұл әдіс азаматтар мен ұйымдарға айыппұлды жеті күн ішінде төлеуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі екі есе азаяды, яғни заң бұзған тұлға мемлекет алдындағы міндетін жеңілдетілген шартпен орындай алады.