Қоғаммен ашық диалог және цифрлық аудит: мемлекеттік бақылаудың жаңа форматы
Бүгін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті. Жиында мемлекеттік сатып алу ашықтығы, шарттардың орындалуы және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы сөз болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесуге әлеуметтік сала мамандары, кәсіпкерлер, құрылыс ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама нормаларын қолдану, шарттардың орындалуы және саланың өзекті мәселелері бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Комитет төрағасы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасап, тәуекелге негізделген бақылау жүйесін енгізу және цифрлық аудит құралдарын пайдалану бағытындағы шаралар жөнінде мәлімдеді. Атап айтқанда, «Бюджеттің онлайн мониторингі» мен «Бұлтты бухгалтерия» жобаларының іске асырылу барысы таныстырылып, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді.
Жалпы тексеріс нәтижесінде, 920 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қамтылып, 1699 рәсімдік заңбұзушылық анықталған. Қабылданған шаралар негізінде 279,5 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары қалпына келтірілді. Оның 3,4 млрд теңгесі бюджетке тікелей қайтарылды. Ал 35,3 млрд теңге тауар жеткізу, қызмет көрсету және жұмыс орындау арқылы өтелді. 240,8 млрд теңге мөлшеріндегі сомасы есепке алу құжаттарында түзетіліпті.
Бұдан бөлек, аудит қызметі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын сараптау барысында 1,4 трлн теңге көлемінде тиімсіз жоспарланған шығындарды анықтады.
Нәтижесінде, 4 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалып, 436 млн теңге бюджетке қайтарылды. Құқық бұзушылық деректері негізінде 49 материал құқық қорғау органдарына жолданып, соның 34-іне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, қазіргі уақытта комитет мемлекеттік аудит жүйесіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп жатыр. Мәселен, «Бюджеттің онлайн мониторингі» жүйесі нақты уақытта бюджет қаражатының қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Осы жүйе арқылы 6 000-нан астам мекеменің жалақы төлемдері белгілі бір кезеңде бақылауға алынған. Соның арқасында 1,2 млрд теңге көлемінде заңсыз төлем жүргізілгені анықталып, 775,4 млн теңге бюджетке қайтарылған.
Сондай-ақ, «Бұлтты бухгалтерия» жобасы қазір 192 млн-нан астам қаржылық операцияны қамтып, аудитті қашықтан жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы уақытта барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін «Аудитордың бірыңғай кабинеті» орталығын құру және жасанды интеллектке негізделген «Аудитор қалқаны AI» атты оқыту платформасын іске қосу жоспарланған. Бұл бастамалар аудиторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға және олардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға жол ашпақ.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында комитетке 14 мыңнан астам азаматтық өтініш келіп түскен. Аталған шағымдар негізінде жоспардан тыс аудит және бақылау жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен тұрақты кері байланыс орнату және аудит үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету – Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басты басымдылықтарының біріне айналған. Аталған жұмыстар көпшілікпен сындарлы байланыс қалыптастыра отырып, мемлекеттік бақылау жүйесіндегі ашықтықты арттыруға негізделген.
Фото: Махаббат Ахметжанова












