Шығыс Қазақстанның әуе қалқаны: авиажасаққа жүктелген міндет зор
Шығыс Қазақстан облысының авиаотряды – адамдарды құтқару мен апаттарға қарсы күрес үшін кез келген сәтте көкке көтерілетін нағыз жедел бөлімше. Отрядтың күнделікті қызметі – осының айқын дәлелі, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Мысал үшін алысқа барудың қажеті жоқ. 2025 жылдың сәуірінде Зайсан ауданында ауқымды қамыс өрті тұтанды. Жылдам тараған жалын қолжетімсіз аймақтағы 840 гектардан астам жерді шарпыды. Қатты желдің әсерінен өрт ауыл шаруашылығы нысандарына, тұрғын үйлерге және жүздеген малға қауіп төндірді. Жағдай бақылаудан шыға бастады. Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына құтқарушылар, жергілікті билік өкілдері мен еріктілер жетті. Дегенмен операцияда ерекше рөлді авиациялық бөлімше мамандары атқарды, өйткені оларсыз апатты тоқтату мүмкін болмас еді.
Таңғы сағат тоғыздар шамасында өрт ошағының үстінде Ми-8 тікұшақтары пайда болды. Су шашу басталды, сонымен қатар авиация адамдарды ең қауіпті аймақтарға жеткізді. Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрт кешке қарай ауыздықталды. Ешбір адам зардап шеккен жоқ.
Қатонқарағай ұлттық паркіндегі таулардан бастап Зайсан көлі маңындағы далаларға, Күршім ауданына, Марқакөл мен Алакөл көлдеріне дейінгі кең аумақ – «Шығыс Қазақстан облысының авиациялық бөлімшесі» ШЖҚ КМК-ның жауапкершілік аймағына кіреді.
2024 жылдың ақпанында Көкпекті ауданында боран жолдарды жауып тастағанда қар құрсауында жүзден астам адам қалып қойған еді. Дәл сол кезде Ми-8 экипажы боранға қарамастан адамдарды қауіпсіз жерге жеткізді.
Санитарлық эвакуация – тағы бір негізгі бағыт. Реанимациялық құрал-жабдықпен жарақталған тікұшақтар жаңа туған нәрестелерді, жүкті әйелдерді, инсульт, ауыр жарақат, асқыну жағдайындағы науқастарды шалғай ауылдардан ауруханаларға жеткізеді. Тек 2023 жылдан 2025 жылға дейін авиация ондаған адамның өмірін аман сақтап қалды. Бұл – Экстримедициналық орталықпен нақты үйлестірудің және кез келген сәтте ұшуға дайын тұрудың нәтижесі.
Әр әуе тапсырмасы – табиғатпен, уақытпен және қауіп-қатермен бетпе-бет келу.
Орман мен дала өрттері, су тасқындары, қар көшкіні қаупі бар аумақтар, өзендер, тау беткейлері мен қар жамылғысын бақылау – мұның барлығы авиациялық бөлімшенің күнделікті жұмысы. Жылына 200-ге дейін ұшып шығу! Бұл сандардың артында орасан зор жүктеме, жоғары деңгейдегі тәуекел және алдын алу жүйесі тұр.
Еліміздегі жалғыз авиажасақ
Шығыс Қазақстан авиаотряды – елдегі жалғыз бөлімше. Ол 90-шы жылдардағы тоқырауда сақталып қана қоймай, толық инфрақұрылымдық кешенін: ангарларын, жабдықтарын және әуе техникасын да жоғалтпай бүгінге жеткізді.
Бұл туралы авиаотряд директоры Қалиқан Байғонысов әңгімелеп, тек кәсіпорынның ғана емес, жылдар бойы жалғасып келе жатқан сабақтастықтың да ерекшелігін атап өтті. Тәжірибелі тәлімгерлер жас буынға білімдерін беріп, жай ғана ұжым емес, нағыз кәсіби мектеп қалыптастырып отыр.
Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Соның бірі – кадр мәселесі.
Кадр тапшылығын шешу үшін отряд білім беру қызметін де өз мойнына алды. Азаматтық авиация академиясымен және Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжімен бірлесіп дуалды оқыту бағдарламалары әзірленуде. Студенттер тәжірибені тікелей отрядта өтеді, Ми-8МТВ және Ми-2 тікұшақтарымен жұмыс істейді, инженерлік қызмет көрсетуді меңгереді, кәсіби мамандардың басшылығымен тәжірибе жинақтайды.
2025 жылдың тамызынан бастап Өскемендегі ШҚО авиациялық бөлімшесінің базасында Азаматтық авиация академиясының 3-ші курс студенттері – ұшқыштарды даярлау тобының (В) 25 студенті, соның ішінде екі қыз Ми-2 тікұшақтарымен ұшу тәжірибесіне арналған теориялық қайта даярлау курсын бастады. Теориялық дайындықты Алматыда арнайы оқудан өтіп, сертификат алған кәсіпорынның тәжірибелі инженер-мамандары жүргізуде. Олар – инженерлік-авиациялық қызмет жөніндегі директордың орынбасары А.В. Лобанов, бас инженер И.Г. Самарцев, ұшу қауіпсіздігі инспекциясының басшысы Ю.А. Реннер, ұшу қауіпсіздігі инспекторы Ф.И. Кузнецов, Ми-8МТВ екінші ұшқышы В.В. Ларионов, сапаны бақылау бөлімінің менеджері Т.З. Нұрғалиев, авиатехник Д.Е. Тилле.
Алдағы уақытта олармен қос басқару жүйесі бар Ми-2 тікұшағында оқу-жаттығу ұшуларын тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар Д.Ф. Гурин, А.В. Ильин, Д.Д. Грунский, И.В. Романовский өткізетін болады.
Табиғаттың тосын мінезінен тайсалмайтындар...
Шығыс Қазақстан облысының климаттық ерекшеліктері, жер бедерінің қиындығы – мұның бәрі авиаотряд жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, оның қызметкерлерінен толық дайындықты талап етеді. Әуе құрамасының мүшелері бір тәуліктің ішінде бірден бірнеше тапсырманы орындай алады – өрт сөндіреді, артынша шұғыл санитарлық рейске ұшады, одан кейін адамдарды боран құрсауынан эвакуациялайды, ал көп ұзамай төтенше жағдайға ұшырағандарға гуманитарлық көмек жеткізеді.
Бас ұшқыш Денис Грунский осындай операциялардың бірін еске алады:
Отрядтың қару-жарағында уақыт сынынан өткен сенімді тікұшақтар бар – Ми-8МТВ және Ми-2. Бұл әуе машиналары кез келген жағдайға бейімделген. -50 градусқа дейінгі аяздан бастап, жазғы аптап ыстық пен шаңды борандарға дейін. Олардың қызмет көрсетудегі қарапайымдылығы мен жоғары сенімділігі Ми-8-ді құтқару миссияларына арналған ең қолайлы техникаға айналдырады.
Алайда техникалық парктің ескіріп бара жатқаны да жасырын емес – тікұшақтардың орташа жасы 35 жылдан асады. Дегенмен кәсіпорын шешім тапты, биыл олар Як-40, Як-42 ұшақтарына және Ми-2, Ми-8МТВ тікұшақтарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу сертификатын алды. Ресей Федерациясындағы жөндеу зауыттарымен байланыс орнатылған. Дондағы Ростовтағы Ми-2 жөндеу зауытымен, Новосібірдегі Ми-8МТВ капиталды жөндеу зауытымен, Мәскеудегі «НАСК» (Ұлттық авиациялық-сервис компаниясы) акционерлік қоғамымен, Екатеринбургтегі «УЗГА» (Орал азаматтық авиация зауыты) акционерлік қоғамымен Ми-8МТВ және Ми-2 тікұшақтарының қозғалтқыштарын жөндеу бойынша шарттар жасалды. Сондай-ақ басқа да көптеген кәсіпорындармен тығыз әріптестік бар.
Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласындағы Қазақстандағы жалғыз Ми-8 тікұшақтарын жөндеу зауытымен де ынтымақтастық орнату жоспарлануда. Енді техникалық қызмет көрсетудің барлық түрі өзімізде, сыртқы ұйымдарды тартпай-ақ жүргізілуде.
Бұл – жай ғана жұмыс емес, миссия
Шығыс Қазақстан авиаотряды – аспанды тағдырындай қабылдаған, өзгелерге көмек көрсетуді өмірінің басты ісіне айналдырған адамдар. Бұл топтың тікұшақшылары минуттар санаулы, әрбір желдің екпіні мен мұз құрсауына айналған тау бөктері тек техниканы ғана емес, адам жігерін де сынайтын биіктерге көтеріледі.
Олардың жұмысы – жай ғана тапсырмамен ұшу емес. Бұл – боранды бұзып өтіп, қар құрсауында қалғандарды құтқару, өртенген дала үстіне су тастау, тауда қалған зардап шеккендерді арқан арқылы көтеріп шығару. Ондай жерлерге көлікпен де, жаяу да жету мүмкін емес. Бұл – шалғай ауылдағы жаңа туған нәрестеге түнгі санитарлық рейспен жету, өйткені оның өмірі қыл үстінде тұр.
Ең бастысы – олар алғыс күтпейді, даңққа ұмтылмайды. Олар мүмкін емес міндетті атқару керек болса, ол міндет өздеріне жүктелетінін жақсы біледі.
Полина Бажова
Фото автордікі