Өскеменде металлургтерге арналған жаңа мурал салынды
Өскеменде тағы бір әдемі мурал пайда болды. Назарбаев даңғылы, 33-үйдің қабырғасына металлург жұмысшысының портреті салынып, қасына «Металлургтер қаласы» және «Город металлургов» деген жазулар жазылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл сурет – қарапайым еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. Сонымен бірге қала мен бүкіл Шығыс Қазақстанның дамуына металлургияның қосқан үлесін көрсетеді.
Өскемен баяғыдан бері өндіріс орталығы саналады. Мұнда еліміздегі ең ірі түсті металлургия зауыттары жұмыс істейді. Сондықтан металлург мамандығы бұл қала үшін жай ғана кәсіп емес, бірнеше буынның тарихымен сабақтас тағдыр.
Жаңа мурал шаһардың көркін ашып, тұрғындарға Өскеменнің неге «металлургтер қаласы» деп аталатынын тағы бір мәрте еске салады.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет

