KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Зайсандық диқандар су үнемдеу әдісі қолданылатын алқаптарды 9 мың гектарға жеткізбек

depositphotos.com

5.09.2025, 11:00 240 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл қадам табиғи су ресурстарын ұтымды пайдаланып қана қоймай, жердің өнімділігін арттыруға да ықпал етуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл Зайсан ауданында 1800 гектар жерге су үнемдеу технологиясы қолданылды. Атап айтқанда Қарабұлақ ауылдық округіндегі «Қыдырбек» шаруа қожалығы 250 гектар жерге тамшылатып суару арқылы күнбағыс өсіруде. Шілікті ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығы 750 гектарға жүгері еккен. Сарытерек ауылдық округіндегі «Икеп» шаруа қожалығы 500 гектарға мақсары (сафлор) отырғызған. Қаратал ауылдық округіндегі «Бота» шаруа қожалығы 300 гектар жерге жоңышқа өсіру үшін жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда.

Бұл тәжірибе аудан шаруаларына тың мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігін арттырып отыр.

Суармалы егіншіліктің негізгі мәселелерінің бірі – су ресурстарының жетіспеушілігі. Әсіресе, климаттық өзгерістер мен жауын-шашын көлемінің азаюы ауыл шаруашылығына үлкен салмақ түсіріп отыр. Осындай жағдайда тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері шаруаларға таптырмас қолдау болып тұр.

Бұл технологияның артықшылықтары көп, атап айтсақ, суды 40%-қа дейін үнемдейді, өнім сапасын арттырады, топырақ құнарлылығын сақтайды, арамшөптердің өсуін тежейді.

Зайсан ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі жыл сайын артып келеді. 2028 жылға дейін 9100 гектар жерге осындай әдісті енгізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін көбейтіп, аудан экономикасына серпін бермек.

– Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, шаруаларға әдістемелік және техникалық қолдау көрсетіледі. Су үнемдеу – қазіргі заман талабы. Сондықтан біз осы технологияны кеңінен енгізуді басты мақсат етіп отырмыз, – дейді Зайсан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Кәрімов.

Зайсан ауданында қолға алынған бастама – ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам. Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жергілікті шаруашылықтар өнімділікті арттырып қана қоймай, табиғи ресурстарды қорғауға да үлес қосып отыр. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық шешімдердің бірі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу