KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Зайсан ауданы тамшылатып суару әдісін қолданудан көш бастап тұр

2.08.2024, 18:03 211 Қуаныш Рахметоллаұлы

Биыл Зайсан ауданының диқандары  Шығыс Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып жалпы көлемі 500 гектарға жуық алқапқа тамшылатып суару жүйесін қолданысқа енгізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жаңа технология ауыл шаруашылығында суды үнемдеу мен өнімділікті арттырудың тиімді тәсілі ретінде бағаланады. Үлкен Қаратал ауылындағы «Рахат-88» ЖШС осы жүйені пайдаланып күнбағыс өсіруде. Берекені көктен емес, еткен еңбектен тілеген шаруа қожалығының басшысы Болат  Асылбеков 100 гектарға жуық алқапқа күнбағыс егіп, Қытай елінен инвестор тартып, қажетті техникаларды сатып алған. Алдағы уақытта егістік көлемін арттырып, мол өнім алуға ниеттеніп отыр.

– Ат шаптырым аумақтағы күнбағыс алқаптары тиімді суару жүйесінің нәтижесін анық көрсетеді. Таудан аққан суды пайдаланып, жаңа технологияларды қолдану арқылы біз ауыл шаруашылығын дамытуға, суды үнемдеуге, егістікке суды дұрыс жеткізуге және өнімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдарды жасаудамыз. Ең бастысы, тамшылатып суару әдісі жердің тозуына тосқауыл болады.  Биыл 100 гектарға жуық алқапқа күнбағыс егіп, әр гектарынан 2 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ тамшылатып суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын шағын зауыт, астық кептіретін шағын қойма салу да жоспарымызда бар, – деді «Рахат-88» ЖШС басшысы Болат Асылбеков.

Сонымен қатар шаруа қожалығы көрші Қытай елінен GPS құрылғысымен жабдықталған, тұқым себуге, жер жыртуға, егін жинауға арналған ауыл шаруашылық техникаларын сатып алды. Жалпы  Зайсан ауданы облыста суармалы егіншілікпен айналысатын бірден бір өңір. Шілікті ауылдық округі бойынша 380 гектар  жерге тамшылатып суару жүйесін енгізіп дәнді астық, майлы дақыл, көп жылдық шөп, жүгері, күнбағыс, картоп егілді.  Алдағы уақытта шаруа қожалығы осы су үнемдеу технологиясын ұлғайту мақсатында, 2025 жылға 1,2 мың.гектар жерге дейін жеткізуді алдына мақсат қойып отырғанын «Әмір» ЖШС өкілі айтып өтті.

– Тамшылатып суару тәсілі өте тиімді. Өңірдің диқандарына  тамшылатып суару әдісін қолдануға кеңес берер едім. Оның алдынды біз егінді арнайы мотормен суарып, жанар-жағармай көп кететін. Қазір шығын жоқ, суды көп мөлшерде үнемдейміз. Өзімізде қажетті техникаларымыз бар. 32 адамды шаруа қожалығы жұмыспен қамтып отыр, – деді «Әмір» шаруа қожалығының өкілі Аслан Байгереев.

Зайсан ауданы бойынша 2028 жылға дейін әр жыл сайын суды үнемдеу технологиясын енгізу бойынша  іс-шаралар жоспары жасалынғанын аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы, тамшылатып суару технологиясымен  танысу және тәжірибе алмасу мақсатында Қаратал және Шілікті ауылдық округтерінде өткен семинарда айтып өтті.

– Бұл семинар ауыл шаруашылығы мамандары мен фермерлер үшін жаңа технологиялар мен олардың артықшылықтары туралы құнды ақпарат алуға үлкен мүмкіндік болмақ.Бұл  өнімділікті  арттыруға және топырақтың құнарлығын сақтауға  мүмкіндік береді. Біз осы әдістің артықшылықтары туралы жайлы ауданымыздағы диқандар, шаруа қожалықтарының иелерімен  өзара тәжірибе алмасатын боламыз. Осындай шаралар арқылы біз өңіріміздің  ауыл шаруашылығын  жаңа дейгейге көтереміз деп ойлаймын, – деді Зайсан ауданының әкімі.

Тамшылатып суару еліміздегі су ресурстарын тиімді пайдалану үшін маңызды технология екенін, мемлекет тарапынан осы жобаны қолға алып жатқан диқандарға  қолдау барын Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова жеткізді.

– Ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан  қолдау өте жоғары.  Фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсаған шығынының 80 пайызы субсидияланбақ.  Жалпы облыс бойынша алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару әдісін Зайсан ауданы кең көлемде іске асырып жатыр деп айтуға толықтай негіз бар, – деді Ажар Қаджыбекова.

Зайсан ауданында тамшылатып суару әдісі бойынша тиісті жұмыстар ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен және инвесторлармен жүргізілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу