Өскеменде қар тазалау жұмыстарына жаңа тәсіл енгізілмек
Фото: «Таза Өскемен»
Өскемен қаласының әкімдігі алдағы қыста қар тазалау жұмыстарын жаңа жүйе бойынша жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әкім Алмат Ақышовтың айтуынша, қазір қалада қар тазалауға арналған 70-тен астам арнайы техника бар. Қажет болған жағдайда қосымша көліктер жалға алынады. Дегенмен, облыс орталығының аумағы үлкен болғандықтан, шалғай аудандарда қарды уақытылы тазалау қиындық туғызып келеді.
– Биыл біз жаңа тәсілге көшеміз, – деді қала әкімі Алмат Ақышов. – Бұрын аймақтық басқармаларға тұрғындардан шағымдар түссе де, қолында техника болмағандықтан, мәселені шеше алмайтын. Енді әр басқармаға кемінде бір-бір техника берсек дейміз. Осылайша, тұрғындардың өтінішіне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік болады. Қосымша құрылыс компанияларын да тарту ойда бар. Қыс кезінде олардың техникалары бос тұрады. Белгілі бір аумақты бекітіп беріп, сол жерде қызмет көрсетуді ұйымдастыруға болады.
Әзірге қалаға жаңа техника сатып алу мәселесі ашық қалып отыр.
– Бұл бағытта шешім қарастырылып жатыр. Алайда бір техниканың құны шамамен 70–80 миллион теңгені құрайды. Сондықтан мәселені қаржылай тұрғыдан жан-жақты есептеуіміз қажет, – деді Алмат Ақышов.
Елизавета Седых
Оқи отырыңыз