KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

ШҚО-да отбасылық құндылықтарды дәріптеген 13 әулет озық шықты

12.09.2025, 13:50 324 Арайлым Орсаринова

Отбасы күні қарсаңында Шығыс Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Биыл іріктеуге 154 отбасы қатысып, олардың ішінен 13 әулет ақтық сынға жолдама алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Марапаттау рәсімінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеңімпаздарды құттықтап, өңірде ұрпақтар сабақтастығының айрықша байқалатынын атап өтті.

– Қадірлі жеңімпаздар, сіздердің өнегелеріңіз – шығысқазақстандықтардың дәстүрді сақтап қана қоймай, заманауи даму жолында жаңашыл бола білетінін, уақытпен бірге ілесе жүріп, тамырынан ажырамайтынын айқын дәлелдейді, – деді аймақ басшысы.

Байқау барысында әр ауданнан келген отбасылар бірлік пен берекеге негізделген өмір салтын, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін және еңбекпен келген жетістіктерін паш етті. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында ұзақ жылдар бойы күзетші болып еңбек еткен Жанат Жәкіповтің отбасы I орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.

Жанат Жәкіпов пен оның аяулы жары Сағымжан Жәкіпова – отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан жарасымды жұп. Олар 1983 жылдың 15 қыркүйегінде, яғни қазіргі Отбасы күні шаңырақ көтеріп, бүгінде алты бала тәрбиелеп, он үш немеренің ардақты ата-әжесі атанып отыр. Шаңырақтың шаттығы мен ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігі оларды көпшілікке үлгі етті.

– Байқау жеңімпазы атанғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Бұл – біздің ғана емес, балаларымыз бен немерелеріміздің де ортақ жеңісі деп білеміз. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру жолында осындай байқаулардың орны ерекше. Отбасымыздың тарихы мен татулығын өзгелерге үлгі етіп көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді қуанышымен бөліскен Жанат Жәкіпов.

Аудандық кезеңде үздік атанып, дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болғандар:

  • Ашуовтар әулеті (Күршім),

  • Жансейітовтар әулеті (Риддер),

  • Мынғатовтар әулеті (Глубокое ауданы),

  • Ыбраевтар әулеті (Шемонаиха ауданы),

  • Исиневтер әулеті (Алтай ауданы),

  • Шаменовтер әулеті (Үлкен Нарын),

  • Нұршабаевтар әулеті (Зайсан ауданы),

  • Чуленовтер әулеті (Тарбағатай ауданы),

  • Ахмеровтер әулеті (Катонқарағай ауданы),

  • Райхан әулеті (Самар ауданы).

Әділқазылар шешімімен, Ұлан ауданынан қатысқан Сембаевтар әулеті II орын, ал Өскемен қаласынан Қалиғажиновтар отбасы III орын иеленді. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы – ел болашағы саналатын жас ұрпаққа берік шаңырақтың, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызын ұғындыратын, тәрбиелік мәні зор тағылымды шара. Осындай байқаулар арқылы қоғамдағы ең басты құндылық – отбасының мәртебесі артып, оның қоғамдағы рөлі одан әрі айқындала түседі.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу