KZ
Өскемен
-3°
снег жел 4 м/с, З
514.74 599.36 6.71

«Таза Қазақстан»: Риддерлік фронт-кеңсе жастарды экологиялық бастамаларға жұмылдыруда

5.10.2025, 18:00 202 Әбішев Ержан

Риддер қаласында белсенді жастар сенбіліктер ұйымдастырып, ағаш егумен айналысып, қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсетіп жүр. Сонымен бірге олар жаңа достар тауып, білім алып, бір-біріне қолдау көрсетеді. «Таза Қазақстан» фронт-кеңсесінің жетекшісі Ольга Вахрамеева бұл бастаманың қалай үлкен жобаға айналғанын айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бұл кеңсе екі жыл бұрын ашылды. Президентіміз «Таза Қазақстан» бастамасын көтерген кезде ол әуелі жай акция ретінде басталған болатын. Қазір бұл – үлкен жоба, – дейді Риддер қаласындағы «Таза Қазақстан» фронт-кеңсесінің жетекшісі Ольга Вахрамеева. – Сол кезде-ақ менің ойыма жастар жиналып, мәселелерді талқылайтын, мақсат қойып, шешім қабылдайтын, экологиялық жағдайға бейжай қарамайтын адамдармен араласып, пікір алмасатын орта құру идеясы келген еді.

Белсенді тұрғынның бастамасын жергілікті билік пен «Amanat» партиясының қалалық филиалы қолдап, кеңсе үшін арнайы ғимарат берген. Қазір осы кеңсе базасында бастамашыл жастар жиналады. Олар сенбіліктер өткізіп, ағаш отырғызады, қиын өмірлік жағдайға тап болған жерлестеріне көмектеседі.

– Біз әлеуметтік жағынан осал топтарға көмектесеміз. Еңбекке жарамсыз жандарға, жалғызбасты адамдарға қолдау көрсетеміз. Бізге өтініштер түседі, олардың мекенжайы мен байланыс деректерін жазып алып, өңдейміз. Кейін өз күшімізбен көмектесе аламыз ба, жоқ па – соны анықтаймыз, – дейді Ольга Вахрамеева.

«Таза Қазақстан» жастар командасы қажет болса, қоршау жөндеп береді, су тасиды, жеке аумақтың қарын тазалайды немесе басқа да тұрмыстық жұмыстарды атқарады. Егер мәселе күрделі болып, жастардың шамасы жетпесе, олар өтінішті уәкілетті органдарға жолдайды.

– 2025 жылы біз 22 өтініш қабылдап, өңдедік, – дейді Вахрамеева.

Фронт-кеңсе базасында жастар жаңа білім алып, дамуға мүмкіндік табуда. Мұнда тұрақты түрде оқу дәрістері мен семинарлар өтеді. Вахрамееваның айтуынша, шараларға әртүрлі ұйымдар, соның ішінде қалалық кітапхана да тартылады.
Қазір «Таза Қазақстан» жастар командасының құрамында 15 тұрақты қатысушы бар. Сонымен қатар фронт-кеңсе мектептермен тығыз байланыс орнатып, өзге ұйымдардың белсенділерін де тартады және түрлі акцияларға көп жастарды жұмылдырады.

– Кейбіреулер Риддерді шағын, бастамасыз әрі болашағы жоқ қала дейді. Мұны естіген сайын көңілім түседі. Өйткені мен осы қалада туып-өстім, балаларым мен ата-анам да осында тұрады. Мен бұл жерден ешқайда кетпеймін. Біздің қаламыз өте әдемі. Ол жайлы барлығы жақсы пікір айтуға тиіс. Қазақстандағы ең жасыл қала Орал дейді, ал мен ең жасыл қала Риддер болғанын қалаймын. Риддер ең таза, ең керемет қала деген атаққа лайық, – дейді Ольга Вахрамеева.

Оның айтуынша, мұндай пайдалы іске қатысу жасөспірімдер үшін тек қала өміріне үлес қосу ғана емес, сонымен бірге жаңа достар табуға, қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.

– Мен «Таза Қазақстан» қатарына өткен жазда қосылдым, – дейді Илья Белогорцев. – Біраз жұмыс істеп көрдім, ұнап қалды. Адамдарға көмектескім келді, қаламыздың таза болғанын қаладым.

Ол осы белсенділіктің арқасында жаңа достар тауып, адамдармен тіл табысу оңайырақ болғанын айтады. Жас жігіт үшін өз еңбегінің нәтижесін көру – үлкен қуаныш әрі еңбегіне берілген марапаттың өзі.

– Мен де «Таза Қазақстан» қатарына өткен жазда қосылдым, – дейді Элина Палкина. – Біз көшелерді тазалаймыз, өзендерді қоқыстан аршып, балалар алаңдарын жинастырамыз.

Оның сөзінше, туған қаласына пайда әкелу өзіне ұнайды. Элина бұл жұмысты жалғастырғысы келеді және аумақтарды тазалау мен қарияларға көмектесуге басымдық беруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жастар өз идеяларын ұсынып, түрлі акциялар мен шаралар ұйымдастыруға бастамашы бола алады. «Таза Қазақстан» фронт-кеңсесінде мұндай бастамалар қолдау тауып, ынталандырылады.

– Мысалы, бір көшенің қоқысқа толып кеткенін көрсек, жетекшімізге барып, келісеміз де тазалау уақытын белгілейміз, – дейді Элина Палкина.


Елизавета Седых

Фото: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу