ШҚО-да биыл ана өлімі тіркелген жоқ
pexels.com
Шығыс Қазақстан облысында биыл ана өлімі болған жоқ. Бұл көрсеткіштің сақталуына жүкті әйелдерді күнделікті жеке бақылауда ұстау тікелей ықпал етіп отыр. Әр ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық мекемелерде дәрігерлер әйелдердің жағдайын қадағалап, денсаулыққа байланысты мәселелері болса, дер кезінде тиісті кеңес беруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сегіз айдағы жұмыс қорытындысына арналған брифингте басқарма басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова осындай көрсеткішке жетудің себептерімен бөлісті. Оның айтуынша, жүкті әйелдер уақытылы облыстық немесе аудандық деңгейдегі стационарларға жеткізіледі. Сонымен қатар жылына екі рет – көктемде және күзде облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауыл-аймақтарда мониторинг жүргізіп, жергілікті жағдайды тексереді.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар жергілікті деңгейде де, республика көлемінде де, шетелдік тәжірибе негізінде де үнемі оқытылып келеді.
Соған қарамастан, кадр тапшылығы мәселесі әлі де бар. Әсіресе жалпы практика дәрігерлері барлық аудандарда және Өскемен қаласында жетіспейді. Сондай-ақ гастроэнтеролог, пульмонолог, хирург, ревматолог сияқты мамандар да тапшы.
Бала өліміне келсек, биылғы алты айда 23 жағдай тіркелген. Былтыр дәл осы кезеңде 22 оқиға болған. Абсолютті көрсеткіш аса өзгермесе де, бір жағдайға арту статистикада 4 пайыздық өсім көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, дүниеге келген сәбилердің саны да азайған: өткен жылмен салыстырғанда биыл шамамен 1 800-ге аз бала дүниеге келген. Мамандар мұны демографиялық ерекшеліктермен байланыстырады. Себебі қазір босанып жатқан аналардың көбі 1998–2003 жылдары дүниеге келген. Ал сол кезеңде елдегі туу деңгейі төмен болған. Сондықтан көрсеткіштің азаюы заңды құбылыс. Ал демографиялық болжам бойынша, 2026–2027 жылдардан бастап туу көрсеткіші қайтадан өседі деп күтілуде.