KZ
Өскемен
-23°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Өскеменде құтқарушылар бүлдіршіндерге қауіпсіздік белгілерін таратты

Фото: ШҚО ТЖД
Фото: ШҚО ТЖД
18.09.2025, 19:30 205 Төлеуғазы Жансая

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» науқаны жалғасуда. Соның аясында Өскемен қаласындағы №14 арнайы мектеп-балабақшада құтқарушылар ерекше іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында құтқарушылар өз қолымен арнайы шағылыстыратын төсбелгілер жасап, оларды бүлдіршіндердің рюкзактарына тағып берді. Мұндай белгілер кішкентайлардың қараңғыда немесе жол бойында көзге түсіп, олардың адасып қалу қаупін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар бейджикте «112» нөмірі жазылған, бұл балаларға төтенше жағдай кезінде жедел қызметке қалай хабарласу керегін еске салады.

Шара барысында мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілеріне төтенше жағдай кезіндегі мінез-құлық ережелері түсіндірілді. Балаларға өрт кезінде, үйде немесе көшеде қауіпті жағдай туындағанда не істеу керектігі қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді.

Одан бөлек, құтқарушылар ТЖМ-нің жаңа жоғары өтімді техникаларын көрсетіп, олардың мүмкіндіктерімен таныстырды. Бұл техника табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсетуге арналған. Балаларға құтқару жұмыстарында қолданылатын құралдар көрсетіліп, олардың қалай жұмыс істейтіні түсіндірілді.

Кішкентайлар үшін ең қызықты сәттердің бірі – ТЖ қызметінің төрт аяқты көмекшісі, лабрадор тұқымдас құтқарушы ит Хитпен танысу болды. Ол іздестіру жұмыстарында адамдарды табуға үйретілген. Балалар Хитпен ойнап, оның ерекше қабілеттеріне куә болды.

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оларды қиын жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу