Құтқарушылар балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді – ШҚО
Фото: gov.kz
Өрт, су айдындарындағы жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары жазғы кезеңде профилактикалық іс-шаралар мен шеберлік сағатын өткізіп жатыр.
ТЖД қызметкерлері 50-ге жуық ашық сабақ, викторина, түрлі конкурстар ұйымдастырған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Осы шаралар аясында 1300-ден астам бала қамтылған.
Құтқарушылар мектеп жанындағы лагерьлер мен демалыс лагерьлерінде демалып жатқан балаларға қауіпсіздік ережелерінің маңызы мен судағы іс-қимыл ережесін түсіндіреді. Мамандар жағажайға алып баруға болатын заттар мен суға батып бара жатқан адамға көмектесу жолдарын көрсетеді. Осындай шаралар кезінде төтенше жағдай кезінде қолданылатын құрал-жабдықтар мен киім-кешектер көрсетіледі.
ШҚО ТЖД-нің құтқарушылары мұндай практикалық сабақтардан кейін балалар психологиялық тұрғыдан салыстырмалы түрде орнықты және кез келген төтенше жағдайларға дайын болады деп есептейді.