Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жеңіп алған мегагрант – металлургияны дамытудағы маңызды қадам
stock.adobe.com
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) еліміздегі ғылыми және технологиялық прогрестің жаңа кезеңіне қадам басып, еліміздің тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосатын жобаға қол жеткізді. Бұл жоба, дәлірек айтқанда, құны 4 миллиард теңгені құрайтын МегаГрантты жеңіп алу – Қазақстандағы ғылым мен өндірісті интеграциялау, сондай-ақ елдің экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
МегаГранттың мақсаты – Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ғылыми негізделген технологияларды әзірлеу және енгізу. Бұл жобаның негізінде еліміздің тау-кен металлургия саласының экологиялық, өндірістік және технологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым академиясының жас ғалымдар жұмыс тобының мүшесі, «VERITAS» біліктілік орталығының жетекшісі, PhD докторы Ернат Әбілқайырұлы Қожахметовтің басшылығымен жүзеге асырылмақ.
МегаГрант аясында бірнеше маңызды ғылыми бағыттар мен іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл жоба ШҚТУ-дің тау-кен металлургия саласындағы ғылыми-зерттеу орталығын құруға бағытталған және ол 8 негізгі шағын бағдарламадан тұрады. Олардың әрқайсысы өндірістің тиімділігін арттыруға, экологиялық мәселелерді шешуге және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.
Оларды тізбектеп жазар болсақ. Минералды-шикізат базасын дамыту, сирек металдар мен сирек минералдардың жаңа кен орындарын зерттеу. Геоинформациялық жүйелерді енгізу, геологиялық барлау жұмыстарында дистанциялық зондтау деректерін қолдану. Геомеханика, полиметалдық кен орындарын игеру кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету. Қалдықтарды өңдеу технологияларын дамыту, тау-кен металлургия саласының қалдықтарын тиімді өңдеу. Ұнтақ металлургиясы, металл бұйымдарын өндіруде жаңа әдістер мен аддитивті технологияларды енгізу. Металлургия өнімдерінің ішкі нарықтағы үлесін арттыру, қолданылатын металлургия өнімдерін ел ішіндегі өндіріс пен нарыққа шығару. Экологиялық әсерді төмендету, тау-кен металлургия өнеркәсібінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту. Білікті кадрларды даярлау, тау-кен металлургия саласы үшін мамандар даярлау.
Жобаның басты бағытының бірі – жаңа ғылыми зертханалар мен орталықтарды құру. Оның ішінде геология, геомеханика, металлургия, материалтану сияқты салалар бойынша зерттеу жүргізетін 6 ғылыми зертхана құрылады. Сонымен қатар, экология, өндірістік қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі салаларында да зерттеу орталықтары ұйымдастырылатын болады. Бұл зертханалар тек ғылыми жұмыстарды жүргізуге ғана емес, сондай-ақ, тау-кен металлургия саласындағы кәсіпорындарға консультациялық және инженерлік қызметтер көрсететін болады.
ШҚТУ-дың бұл жобасы университеттің тек ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде ғана емес, өңірдің тау-кен металлургия өнеркәсібіне инновациялық шешімдер ұсынатын орталыққа айналуына ықпал етеді. Бұл жоба білім, ғылым және өндіріс салаларының бірігуін көздейді, яғни зерттеу мен өндірістің бірлескен әрекеті арқылы жаңа технологиялар енгізу, өнім сапасын арттыру, сондай-ақ, өндіріс тиімділігін көтеру мақсатында жүзеге асырылады.
МегаГранттың бөлігі ретінде ғылыми және академиялық артықшылық орталығын құру – еліміздің тау-кен металлургия саласындағы инновациялық орталықтардың бірі болмақ. Бұл орталық тау-кен өндірісі мен металлургияның тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен әдістемелерді әзірлейтін болады. Сондай-ақ, ол облысымыздағы экологиялық жағдайды жақсарту, тау-кен өндірісі кезінде қоршаған ортаға тигізетін әсерді азайту бойынша да нақты ұсыныстар мен шешімдер ұсынады.
ШҚТУ жүзеге асырып жатқан бұл жоба ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды өндіріске енгізуде үлкен мүмкіндіктер ашады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері еліміздің тау-кен металлургия саласында қолданылатын жаңа материалдар мен технологияларды дамытуға, сондай-ақ, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның арқасында еліміздің тау-кен металлургия өнеркәсібі жаңа деңгейге көтеріледі, әрі Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жоба аясында арнайы оқу курстары мен тренингтер өткізіліп, жастарға ғылым мен өндіріс саласында кәсіби білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде жоғары білікті мамандарды даярлауды көздейді. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер мен өндірістік процестер арасында тығыз байланыс орнатылып, студенттер мен жас ғалымдардың практикалық тәжірибе алуына жағдай жасалады.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін бұл МегаГранттың жеңіп алу үлкен жетістік болып табылады. Ол тек университеттің ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін береді. Ғылым мен білімнің бірігуі, жаңа технологиялар мен зерттеулердің енгізілуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Ернат Әбілқайырұлы Қожахметовтің басшылығымен жүзеге асырылатын бұл жобаның нәтижелері елдің тау-кен металлургия саласын дамытудың жаңа кезеңін ашып, Қазақстанның ғылыми және өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.