Семейде зейнеткерлерге автобуспен жүру тегін болады - Нұрымбет Сақтағанов
Биылдан бастап Семей қаласында қоғамдық көлікте жол жүру 1 және 2 топтағы барлық мүгедектермен қоса, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін тегін болады деп жоспарлануда. Бұл туралы есеп беру кездесуінде Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, деп хабарлайды ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
– Біздің жоспарымызда 70 жастан асқан зейнеткерлерге қоғамдық көлікте 50% жеңілдікпен жол жүру жеңілдіктерін беру көзделген. Сондай-ақ, 1 және 2 топтағы барлық мүгедектер мен ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерді қоғамдық көлікте тегін қатынау санатына қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қаламызда қоғамның осал тобындағы азаматтарды әлеуметтік қолдау және қорғау мәселесі басты назарда. Осыған байланысты, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 1,3 млрд.теңге сомасына 3 мыңнан астам отбасы қамтылды. Бұдан бөлек, 283 отбасы, оның ішінде 147 көпбалалы және 85 аз қамтылған отбасы баспаналы болды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өткен жылы сумен жабдықтау және су бұрудың 13 нысаны іске қосылды. 5,5 шақырым су құбыры желілері қайта жаңартылды. Бозтаев және Қабанбай батыр көшелері бойы мен оң және сол жағалау айырықтарына 808 заманауи энерготиімді шамдар орнатылды. 3,7 млрд. теңгеге 50 шақырым автожол жөнделді, 1,6 млрд. теңгеге «Семей-Қайнар» автожолының 46 шақырымы орташа жөндеуден өтті.
Жиын барысында шешімін тұрғындар күтіп жүрген бірқатар маңызды сұрақтар қойылды.
- Осы қыста пәтерлерде өте суық болғанын бәрі жақсы біледі. 103 қазандығында жиі апаттар болды. Неліктен жылыту көздерін жаз маусымында дайындамайды. Биыл қыс маусымына дайындық бойынша қандай жұмыстар жоспарлануда, қанша қаражат қарастырылады? – деп сұраса Мәрзия Жолжақсынова, қала тұрғыны Эльвира Жүнісова автобустарға шағым айтты:
- Кешкі уақытта қоғамдық көліктің жұмысы бақыланады ма? Тұрғындар кешкі сағат сегізден бастап үйлеріне әрең жетеді, - деді ол.
Қала әкімінің айтуынша, 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымында шын мәнінде 103, 103а қазандықтарында мәселелер туындады.
Қазіргі уақытта жылу беру маусымын апатсыз аяқтауға мүмкіндік беретін іс-шаралар жоспары әзірленіп, мәселе оң шешімін тапты. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 349 млн. теңге бөлініп, облыстық бюджеттен 888,8 млн.теңге қарастырылуда. Ал, қоғамдық көліктерге келетін болсақ, Жолаушылар тасымалын басқару орталығы автобус маршруттарына тікелей мониторинг жүргізумен айналысады. Олардың айтуынша, кешкі уақытта жолаушылардың ағыны азайған сайын автобустар да азаяды. Осы орайда, бұл мәселені егжей-тегжей Семей қаласы әкімдігі автобус паркінің басшыларымен бірлесіп, тексеретін болады, - деді Семей қаласының әкімі.
Кездесуге қатысқан өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемен мен Семей қалаларының білім беру жүйесіндегі проблемаларды атап өтті.
– Биыл біз Семей қаласында екі мектеп құрылысын бастаймыз. Біреуі 300, екіншісі 1200 орындық. Сочи қаласындағы «Сириус» бірегей білім беру орталығы сияқты білім ошағын Семейде ашуды жоспарлаудамыз. Мақсатымыз IT бағдарламалау тұрғысынан білім беру жүйесінің деңгейін көтеру. Сондай-ақ, үштілді оқытуды одан әрі дамытуымыз керек. Жалпы, салыстырмалы түрде Семей және Өскемен қалаларының оқу орындары мәселен Аягөз бен Көкпекті ауданынан айтарлықтай артта қалып отыр. Сондықтан, Семей қаласының білім беру жүйесін барынша дамытуымыз керек, - деді ШҚО әкімі Д. Ахметов.
Онлайн-есептік кездесудің соңында Семей қаласының әкімі 2021 жылға арналған жоспарымен бөлісті. «Народная» және «Океан» аялдамаларындағы екі жер асты өткелдерін 24 млн.теңгеге жөндеу жоспарланған. 6 мың шаршы метрден астам тротуарлар жөнделеді. Автобус аялдамаларында 14 жаңа павильон орнатылады.