ШҚО-да ерекше жандар арасындағы VII республикалық спартакиаданың жабылу рәсімі өтті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі Үстел теннисі орталығында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы VII республикалық спартакиаданың жабылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы спартакиада маусым айының 1-29 аралығында еліміздің бес өңірінде – Астана мен Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында өтті. Жарыс бағдарламасына 17 спорт түрі енгізіліп, оған еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Алғаш рет ШҚО аумағында паравелоспорт пен паранастол теннисі бойынша бәсекелер ұйымдастырылды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша жеңіс Астана командасына бұйырды. Екінші орынды Алматы, үшінші орынды Алматы облысы иеленді. Спартакиада аясында барлығы 2800-ден астам медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 311 708 адам спортпен және дене шынықтырумен айналысады. Оның ішінде 4053 адам – мүмкіндігі шектеулі жандар, соның 1677-сі – балалар.
Облыста барлығы 1628 спорттық инфрақұрылым нысаны мен 35 спорт мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарында мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубы, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектептері, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері, дарынды спортшы балаларға арналған мектеп-интернат-колледж және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар.










