KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 4 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Нейростимулятор эпилепсияның зардабын төмендетеді

29.07.2024, 11:44 122 Анель Слямғазықызы

Шығысқазақстандық нейрохирургтер эпилепсиямен ауыратын науқастарды емдеудің заманауи әдісін меңгерді. Республикалық клиникалардың жетекші хирургтары Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығының эпилепсиямен ауыратын үш кішкентай пациентіне шеберлік сағаты шеңберінде  ота жасады. Әлемде алты айлық нәрестеге  нейростимулятор орнату тәжірибесі белгілі, ал Шығыс Қазақстанда мұндай құрал елімізде алғаш рет 10 айлық бөбекке орнатылды.

      Статистикаға сүйенсек, Шығыс Қазақстанда эпилепсия диагнозымен 800 бала есепке алынған. Олардың 150-і дәрілік терапиямен емдеуге келмейді.

     - Вагус нервісінің стимуляторын орнату - бұл  паллиативті эпилепсияны дәрі-дәрмектермен емдеуге келмейтін жағдайда қолданылатын қосымша емдеу әдісі. Процедура ересектерге де, балаларға да жасалады. Мастер-класс аясында операция жасау үшін біз тағайындалған терапия нәтиже бермеген үш баланы, генетикалық мутациясы бар бір баланы таңдап алдық, өкінішке орай, олар дәрі-дәрмекпен емделмейді. Алайда нейростимуляторды орнату ұстамаларды толығымен жоймайды, бірақ уақыт өте келе ұстамалардың саны мен жиілігін айтарлықтай төмендетеді, — деп түсіндірді балалар невропатолог-эпилептологы, Алматы қаласы клиникасының басшысы Яна Акчурина.

    Мамандардың айтуынша, бұл әдіс Қазақстанда сәтті қолданылуда, оның мәні - науқастың мойында білеуленіп тұрған вагус нервісіне спираль тағылады да, бұғанағына енгізілген импульс генераторына қосылады. Импульстар стимуляторға түскен кезде жүйке арқылы миға өтіп, эпилепсия  ұстамаларын басады. Бұл дамып келе жатқан нәресте миының одан әрі бұзылмауы үшін де өте маңызды.

     - Бізде Қазақстанда балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту бағдарламасы қабылданған, оның бастауында Алматы қаласының штаттан тыс бас нейрохирургы Марат Рабандияров тұр.  Осы бағдарлама аясында біз Өскемендегі Ана мен бала орталығында бірнеше рет болдық, бірінші кезеңде церебральды сал ауруы бар балаларға операция жасадық. Екінші кезеңде эпилепсия хирургиясының дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Операциядан кейін біздің пациенттер толық сауығып кетпегенімен, олардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады, ұстамалардың саны мен ауырлығын төмендетеді, — деп атап өтті Алматы қаласының екінші қалалық балалар клиникалық ауруханасының балалар нейрохирург-дәрігері Азамат Жайылғанов.

     Мастер-класс шеңберінде нейростимулятор 10 айлық нәрестеге,  бес және алты  жастағы балақайларға орнатылды.  Операциялар сәтті өтті. Сонымен қатар ана мен бала орталығының дәрігерлеріне  осындай  процедураны қажет ететін кішкентай науқастарды уақытында анықтау әдістемесі  үйретілді.

  - Әріптестерімізге шеберлікпен жүргізілген операциялары, жаңа білімдері мен дағдылары үшін алғысымызды білдіреміз, болашақта біздің бөлімше базасында осындай оталар жасайтын боламыз, жақын арада тағы бес балаға нейростимуляторлар орнатуды жоспарлап отырмыз. Осындай бір датчиктің құны 6,5 миллион теңге, біздің пациенттер үшін олар МӘМС шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының желісі бойынша төленеді, — деді облыстық Ана мен бала орталығы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талант Арыстанбеков.

    Жоғарыда жаздық, бұл заманауи әдісті ересектерге де қолдануға болады. Өскемендік Гүлжамалға эпилепсия синдромы диагнозы қойылғалы жиырма жылдан асыпты.

- Басында ұстамалар сирек болатын. Соңғы он жылда тіпті жиілеп кетті. Оның үстіне оның ұзақтығы да ұзарды. Әр приступ сайын жедел жәрдем шақырамын. Ағзам дәрі-дәрмеке әбден үйреніп алған ба, бір-екі доза дәріден басылмайды. Ине салатын көктамырдан да сау жер қалған жоқ. Таблетка түрінде қабылдаған дәрінің ешқандай тиімділігі жоқ. Мен ұстамалардан әбден шаршадым, кейде өмірден түңіліп кетемін. Өскемендік нейрохирургтар нейростимулятор қояды дегенді естіп, қуанып қалдым. Бәлкім, менің өмірім де өзгеретін шығар, - дейді Гүлжамал үмітпен.

     Алдағы уақытта жергілікті нейрохирургтар бұл әдісті ересектерге де қолданбақшы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив