Шығысқазақстандық нейрохирургтар ми ісігін жоюдың заманауи әдісін игерді
Шығысқазақстандық нейрохирургтар гипофиз аденомасын жоюдың тағы бір заманауи әдісін меңгерді.
Олар елордалық нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Телтаевтың қатысуымен тіліксіз, трансназальды тәсілмен заманауи операциялар жасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта өткен шеберлік сыныбының барысында өңірдің үш тұрғынына KARL STORZ әлемдік брендінің заманауи 3D эндоскопиялық жабдығының көмегімен гипофиз және бас сүйегінің негізі ісіктеріне операция жасалды.
Қазір операция жасалған барлық науқастар өздерін жақсы сезінеді және таяуда үйлеріне шығады.
Шеберлік сабағының барысын Алматы, Павлодар, және Семей қалаларының нейрохирургтары да онлайн режимде бақылап отырған.
Айта кетейік, МӘМС шеңберінде мұндай отаны жасаудың құны бір миллион теңгеден асады. Жоғары технологиялық медициналық көмек, сондай-ақ оның жекелеген түрлері МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кіретінін еске саламыз. МӘМС жүйесінде сақтандырылған барлық пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызу тіркелген жері бойынша емхананың жолдамасы бойынша жүргізіледі.