KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Профессордың еңбегі ескерусіз қалмас

23.08.2024, 12:50 246

Күршім өзенінің Ертіске құяр тұсында, сол сағасында Топтерек атты шағын ғана ауыл бар. Бұйығы ғана тіршілік кешіп жатқан осы ауылда ұстазымыз, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Бағдан Момынова дүниеге келген.

Отбасындағы балалардың алды болған соң, ата-апасынан бір елі ажырамай өскен оған қазақы таным-түсінік, салт-дәстүрге деген беріктік, болмысындағы дархандық, адалдық, әділдік, ыждахаттылық пен табандылық сияқты қасиеттер сол ата-әжеден дарығандай көрінеді маған. Атасы Момын Ысқақұлы діни сауатты, құранды бастан-аяқ аударып оқыған қари болса, әжесі сол өңірге аты мәшһүр, бақуатты саудагер Сәрсенбайдың есті де ерке қызы болыпты. Әкесі Қатай (азан шақырып қойған аты – Мұқаметқан) мен шешесі Бәтен (Нұрбәти) ауыл мектебінен ары аттап оқи аламаса да, ауыл кітапханасының тұрақты оқырмандары болған зерек те зерделі жандар болса  керек.

Бағдан Қатайқызы алғаш хат танып, сауатын ашқан Топтерек мектебінен кейін 2-сыныпта әке-шешесі бұрынғы Зеленое, қазіргі Алғабас ауылына қоныс аударып, сол жердегі орта мектепте білім алады. Ал жоғары сыныптарда Күршім ауылындағы №3 мектепте оқиды. Түрлі олимпиадаларға қатысып, математикадан жақсы нәтиже көрсеткен Бағдан Қатайқызына сол кездегі СДИ-ға (Д. Серікбаев атындағы техникалық университет) жолдама беріледі. Бірақ ол жан қалауымен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазҰУ) филология факультетіне түседі.

Шығыстан келген қаршадай қызға, әрине, басында оңай болған жоқ. Оқудың, ізденістің және бойындағы табиғи таланттың арқасында оқытушылардың көңілінен шығып, университетті ойдағыдай аяқтайды.

Еңбек жолын туған ауданында мектеп мұғалімі болып бастаған Бағдан Қатайқызының арманы асқақ еді. Ғылым-білімге, жаңалыққа жаны құмар ұстазым араға он жыл салып ҚазМУ-ге оралып, аспирантурада оқуын жалғастырады. 1993 жылы профессор Хасан Кәрімовтің жетекшілігімен «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы профессор С. Исаевтың кеңесшілігімен «Қазақ газеттерінің лексикасы» атты докторлық диссертациясын қорғайды. 2001 жылы профессор атанады.

Бағдан Қатайқызы тіл білімін зерттеуге арнаған 45 жылда лингвистканың түрлі бағытын ілгерілетті. Ғылымдағы жолын ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газетінің лексикасын алғаш зерттеуші ретінде бастайды. Әдеби тілдің тарихын зерттеп, қазір студенттерге оқулық болып жүрген бірнеше еңбек жазады. Мәтін лингвистикасының мәселелері мен идиостиль проблемалары көтерілген Шәкәрімнің шығармаларын кешенді талдайды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі аз зерттелген, толық жүйеленбеген» деген қорытынды жасай отыра, Шәкәрімнің қазақ әдеби тіліндегі орны мен қызметін көрсеткен, «Қазақ» газетінің әдеби тілді жетілдірудегі қызметін саралаған еңбектерін жарыққа шығарып, осы кезеңнің толық зерттелуіне үлес қосады. Бағдан Момынова тіл біліміне қатысты 10 монографияның, 2 оқулық пен 8 оқу құралының, 2 оқу бағдарламасы мен 6 сөздіктің авторы. 250-ден астам ғылыми мақала, бакалавр, магистратура бөлімдеріне оқу сандарттарын жазды. Сегіз мақаласы Скопус базасына енген журналға шыққан.

Бағдан Қатайқызының ғылыми еңбектері бірнеше бағытқа арналған. Олар – лексикология, әдеби тіл тарихы, морфология, бейвербалды амалдар.

Осы орайда Тіл білімі институтының қызметкері Мадияр Қазыбектің: «Жауапкершілігі зор, талапшыл, ғылымға берілген Бағдан апай – қызметіне адал жан. Ғылыми этиканы мықты сақтайтын, әділдікті ту еткен, шыншыл, өз ойын әрдайым ашық айтып, негіздей білетін ғалым. Институттың грамматика бөлімінде қаншама жылдан бері еңбек етіп жүр. Ғылымда таптырмас оппонент, рецензент. Диссертациялық кеңесте зерттеулер мен қорғау жұмыстарына тамаша оппонент бола алатын, талқыланып жатқан мәселеге өзекті сауал қойып, ұтымды ой-ұсыныс айта білетін жан. Бұған ғалымдардың көбі куә. Бағдан апай ғылыми талқылаулардан сырт қалмай, сыни көзқарас танытып, пікір айтып отырады. Бағдан апайдың ерекше қасиеті – еңбекқорлығы. Паралингвистика, морфология, әдеби тіл тарихы, мәтін поэтикасы бағыттарын зерттеуіне өзек қылған апайымыздың 30-ға жуық кітабы жарыққа шыққан. Еңбегі еленіп, 2022 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, 2023 жылы «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Алайда кейіпкеріміздің негізгі марапаты ғылыми қауымдастық алдындағы абыройы дер едік. Әсіресе, Алаш қайраткерлерін зерттеуі Бағдан Қатайқызының беделін биіктете түсті. Бағдан апай – әмбебап ғалым» деген пікірі – Бағдан Қатайқызының еңбегіне берілген әділ баға.

Бағдан Момынова – ұстаздық пен ғылыми жолды, басқару мен үйлестірушілік қасиетті қатар алып жүрген тұлға. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде табан аудармай 40 жылға жуық қызмет етті. Университетте оқытушы, филология кафедрасының меңгерушісі, факультет деканының орынбасары, университет ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Қаншама пәннің бағдарламасын жасады. ҚазҰУ-дың филолог-студенттері әлі күнге дейін сол бағдарламаны негізге алады. Жаңа пәнаралық қолданбалы дисциплиналарды ұйымдастыруға күш салды. Шетелдік ғалымдарды шақыртып, студенттерге дәріс оқытудың жолдарын ұйымдастырды. Студенттер әрдайым оның сабағына жан-жақты дайындалып келетін, себебі Бағдан Қатайқызы әр дәрісіне мұқият дайындалып, ыждағатпен түсіндіруші еді. Студенттерінен де тиісінше сабаққа ден қоюларын талап ететін.

Кафедра меңгерушісі болып тұрған кезінде магистранттардың Еуропада тағылымдамадан өткізу үшін испаниялық Гранада университетінің профессоры Рафаэль Гусманмен келіссөз жүргізді. 2006 және 2011 жылдары екі мәрте «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атанды. Оның жетекшілігімен 15 кандидаттық, 1 докторлық, 2 РһD, 50-ден астам магистрлік диссертация қорғалды. Шәкірттерінің барлығы да еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр.

2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстаннан жіберілген төрт ғалымның бірі Бағдан Қатайқызы еді. Ұстазымыз көптеген елдердің өкілдері қатысқан сол жиында баяндама жасады.

Бағдан Қатайқызының Шығыс өңіріне, Күршімге, сегізжылдық мектепті аяқтаған Алғабас ауылына тигізген шарапаты аз емес. Өскемендегі Д. Серікбаев пен С. Аманжолов университеттеріне, Алғабас ауылындағы мектепке, Күршім аудандық кітапханасына Алматыдан арқалап апарып, қаншама құнды кітаптарды бірнеше рет сыйға тартты.

Облыстағы мемлекеттік университетке Шығыстан шыққан түрколог Сәрсен Аманжоловтың атын беруге де Бағдан Қатайқызының еңбегі сіңді. Комиссия құрамында болып, Аманжоловтың аты лайық екенін дәлелдеді. Сол еңбегі кейін бағаланып, сол университеттің «Құрметті профессоры» атанды. Ол облыстың ғылым-білім саласына да үлес қосуға тырысады. Өскеменде лингвистика саласы бойынша айналдырған екі филология ғылымының докторы болса, соның бірі Бағдан Қатайқызының шәкірті – Гүлжігіт Құсманова. Өскемендік тағы бір ғалым қыз Сәлима Сембаеваға кандидаттық диссертация қорғауда жетекшілік етті. Күршім ауданынан шыққан филология ғылымдарының бір докторына, бір гуманитарлық ғылымдарының магистріне жетекші болды.

Шығыстан шыққан қаламгерлер – Оралхан Бөкей, Марат Қабанбай, Әлібек Асқар, Қалихан Ысқақ, Кәдірбек Сегізбаев, Талаптан Ахметжан, Асқар Алтайдың, ақындар – Гүлнәр Салықбай, Жанат Әскербекқызының еңбектеріне Бағдан Қатайқызы тілдік талдау жасап, мақалаларына арқау етті. Әсіресе, Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған зерттеу мақалалары бір төбе. Былтыр сол зерттеулері негізінде «Көркем мәтін поэтикасы: лингвистикалық аспект» монографиясы жарық көрді.

Біз – тіл білімін зерттеуге саналы ғұмырын сарп еткен Бағдан Момынованың шәкірттері ұлағатты ғалымның ұшан-теңіз еңбегін туған жері – Күршім ауданы жұртшылығы ескерусіз қылдармас деп сенеміз. Ғылым шыңына шыққан биік тұлғаны Күршімнің құрметті азаматы атасақ бек орынды болмақ.

 

Ренат Күдедаев

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив