Ерте туған шақалақтардың өмірі үшін күрес
Әлемдік статистикаға сәйкес, әлемде жыл сайын шамамен 12,9 миллион шақалақ дүние есігін мерзімінен бұрын ашады, бұл бір жылда туған барлық кішкене тұрғындардың 10 пайызы.
Уақытына жетпей босанудың себептері мен салдары туралы, шала туған шақалақтарды күту жайында Шығыс Қазақстан облыстық ана мен бала орталығының неонатолог дәрігері Диана Исинева айтып берді.
- Қанша апталық шақалақ шала туған болып есептеледі?
- Жүктіліктің 37 аптасына дейін туу мерзімінен бұрын босанды деп саналады. Шақалақтың салмағына қарай шала туудың төрт дәрежесі бар: бірінші дәреже – 2500-2001 грамм, екінші дәреже – 2000-1500 грамм, үшінші дәреже – 1500-1001 грамм, 4 дәреже – 1000 грамм және одан аз.
Анасы неғұрлым ерте босанып қалса, шарананың өміріне төнетін қауіп соғұрлым жоғары, сондай-ақ, орталық жүйке, жүрек-өкпе жүйелерінің, тірек-қимыл аппаратының, көру, есту органдарының жұмысында асқынулар болуы мүмкін.
- Мерзімінен ерте босанудың себептері қандай?
– Балалардың ерте туу себептері әртүрлі. Мерзімінен бұрын босанудың төмендегідей негізгі әлеуметтік және медициналық себептерін атап өтуге болады:
- әлеуметтік: тұрақты күйзелістер, жеке өмірдегі қиындықтар (жұбайының болмауы, ажырасу, отбасылық жанжалдар), өмір сүру жағдайларының нашарлығы, әлеуметтік деңгейдің төмендігі, ауыр физикалық жұмыс, нашар тамақтану, дәрумендер мен қоректік заттардың жетіспеушілігі, жүкті әйелдің жасы 18 жасқа жетпесе немесе 40 жастан асып кетсе;
- медициналық: жатыр мойны жеткіліксіздігі, жыныс жүйесінің әртүрлі инфекциялары, жатыр мойнының әлсіздігі, шақалақтың дұрыс жатпауы, плацентаның бөлінуі, жатыр анатомиясындағы ақаулар, түсік тастау, жүктіліктің тоқтауы және медициналық түсік түсіру, жүктіліктің екі жылға жетпей қайталануы, төртінші, бесінші рет және одан да көп құрсақ көтеру, құрсақтағы нәрестенің инфекциясы, гипертония, қант диабеті.
Әрбір шала туған шақалақ ерекше, ол мерзімінде өмірге келген нәрестеден тек сыртқы келбетімен ғана ерекшеленбейді, оның ішкі ағзалары мен жүйелері жетілмеген, жатырдан тыс өмірге дайын емес.
Шала туған шақалақтар үшін өмірінің алғашқы күндері өте маңызды. Бірінші аптасында сыртқы ортаның жаңа жағдайларына бейімделеді. Мерзіміне жетпей туған шарананың жатырдан тыс өмірге бейімделу процесі толыққанды нәрестелерге қарағанда ұзағырақ және ауыр өтеді. Уақытынан тым ерте туған нәрестелерде бұл 1,5-2 айға дейін созылуы мүмкін.
- Шақалақ үшін мерзімінен бұрын дүние есігін ашу несімен қауіпті?
– Шала туған шараналарды бүгінде жетілдіріп, қатарға қосу аса қиын емес. Білікті мамандар заманауи жабдықтардың көмегімен өмірдің алғашқы күндерінде шақалақтарға күтім жасаудың тиімді процесін ұйымдастыра алады. Алайда, өкінішке орай, органдар мен жүйелердің толық жетілмегендігінен емдеу процесінде көптеген асқынулар болады. Бұл - өкпенің созылмалы ауруы – бронх-өкпенің дисплазиясы, неврологиялық ақаулар, энтероколиттер, әртүрлі органдарға, оның ішінде миға қан құйылуы, гидроцефалия, анемия және т.б. Дәрігерлердің міндеті -нәрестенің өмірін сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету.
28-ден 34 аптаға дейін шала туған нәрестелер ең әлсіз, көмекке көбірек мұқтаж болып келеді, көбінесе механикалық желдетуді қажет етеді. Бірақ олардың денсаулығына қатысты болжамдар 28 аптаға дейін туған және салмағы бір килограмнан аз шақалақтармен салыстырғанда жақсы. Мұндай кішкентай шараналарға ұзақ және күрделі емдеу қажет.
- Шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуда қандай технологиялар қолданылады?
– Осыдан 10-15 жыл бұрын шала туған нәрестелерге күтім жасаған кезде көптеген қиындықтарды жеңуге мүмкіндік беретін бірқатар технологиялар пайда болды. Атап айтқанда, жаңа туған нәрестенің өкпесіне белсенді затты (жасанды сурфактант) енгізу баланың тыныс алуын жақсартуға көмектеседі. Сурфактант – бұл тыныс алу кезінде өкпенің кеңінен жазылуына ықпал ететін зат.
Салмағы аз және өте төмен шала туған шақалақтар жансақтау және интенсивті терапия бөлімшесіне түскен алғашқы сәттен бастап, олардың жағдайын тұрақтандыратын бірқатар шаралар жасалады: нәрестені инкубатордан шығармай оның денесінің температурасы мен салмағы өлшенеді, өкпесіне сурфактант салады, егер көрсетілім болғанына қарамастан, босану бөлімшесінде бұл орындалмаса, SpO2 оттегінің сатурация деңгейі бақыланады, ол 90-95 % болуы керек, сұйықтық пен қоректік заттардың – көмірсулардың, аминқышқылдарының, май эмульсияларының, дәрумендер мен микроэлементтердің веноздық катетер арқылы үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді, қандағы глюкозаны, қан қысымының көрсеткіштерін бақылайды.
Мерзімінен тым ерте туған шарананы өмірінің алғашқы сағаттарында тұрақтандырудың өте маңызды шарты – сыртқы тітіркендіргіштердің сенсорлық ынталандыру деңгейін минимумға дейін төмендету, яғни жарықтан, шудан, ауырсынудан, тактильді тітіркендіргіштерден қорғау. Осы мақсатта жатырдағы ұрықтың позасын қайталайтын позиция беру үшін оны «ұяға» орналастырады. Инкубатордың үстіне жарық өткізбейтін жамылғы жабады.
Салмағы 1500 грамнан аспайтын жаңа туған нәрестенің жағдайын тұрақтандырудың тағы бір маңызды факторы - баланың жетілмеген ішектерінің жұмысына көмектесетін ананың уыз сүтін беру.
Ата-ана мен бала арасында психоэмоционалды байланыс орнату үшін, сондай-ақ баланың терісінде ата-анасының терісіндегі сапрофитті микроорганизмдердің қорғаныш қабығын қалыптастыру үшін барлық шала туған шақалақтарға «кенгуру сеанстарын» өткізеді, оның барысында нәресте анасының немесе әкесінің жалаңаш кеудесіне, терісіне терісі тиіп, жатқызылады.
- Шала туған бөбектерді перзентханадан қашан шығарады?
- Балалар әртүрлі ғой. Шақалақтың ауруханада жату мерзімі оның шала туу дәрежесіне, жағдайының ауырлығына, сондай-ақ белгілі бір асқынулардың болуына байланысты алты күннен алты айға дейін созылуы мүмкін. Болашақта балаға күтім жасау толығымен ата-ананың мойнына түседі. Алдымен бала үшін қолайлы жағдай жасау керек. Оны инфекция мен күйзеліс сияқты сыртқы қауіп факторларынан қорғау қажет. Барлық аналарға шыдам керек. Туыстары мен жақындарының қолдауы да маңызды рөл атқарады. Үйге шыққаннан кейін де шараналардың күресі тоқтамайды, өйткені енді оларға ең бастысы, ауырмау керек, даму, өсіп-жетілу және жақындарына қуаныш сыйлау қажет!