KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Қайтаруға жатпайтын тауарлар қайсы?

29.08.2024, 12:30 217

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар балаларын мектепке дайындап жатыр. Оқу құралдары, мектеп формасы, кітап, қалам, дәптер сияқты басқа да қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек сатып алу үшін адамдар дәстүрлі сауда үйлерінен бөлек әртүрлі интернет дүкендердің де қызметін пайдаланады. Қолмен ұстап көрмеген соң интернет арқылы алған тауардың өлшемі немесе сапасы көңілден шықпай қалуы мүмкін. Осындай жағдайда не істеу керек?    

Иә, интернет дүкеннің артықшылығымен қатар кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, суретте көрген тауарыңыз қолыңызға тигенде сөз күткеннен мүлдем басқаша болуы әбден мүмкін. Түр-түсі, өлшемі, стилі, дайындалған материалы және басқа да қырлары суретте көрсетілгендей немесе жазылғандай болмай шығады. Ондай мысал жеткілікті. Көбіміз мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін біле бермейміз рас. Ендеше мамандардың кеңесіне назар аударайық.

Тұтынушылық тұрғыдан алғанда, өнімді бірнеше санатқа бөлуге болады және олардың әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар, рет-ретімен талдап көрейік.

Егер тауардың мөлшері, стилі, түсі, жинақталуы сәйкес келмеген жағдайда, онда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 14-бабына сәйкес 14 күн ішінде сіз тауарды ұқсас, бірақ барлық өлшемдер бойынша жарамды тауарға айырбастай аласыз. Бұл ретте тауар түрі, тұтынушылық пломбалар, жапсырмалар сақталуға тиіс. Егер таңдаған өнім қымбатырақ болса, онда сіз баға айырмашылығын қосымша төлеуіңіз керек. Мұндай тауар табылмаған жағдайда тұтынушы затты дүкенге өткізіп, төленген соманы қайтарып ала алады.

Сондай-ақ сапасыз тауардың тағы бір түрі болады. Ол – тұтынушы сатып алғаннан кейін кемшілігі анықталған тауар. Алайда сатушы тауардың кемшілігі туралы алдын ала ескертсе және тұтынушы соған қарамастан ол тауарды сатып алған болса ол адам тауарды айырбастау немесе қайтару құқығын автоматты түрде жоғалтады. Өйткені ол тауарды кемшіліктерін біле тұра сатып алған.

Егер сіз тауарды тиісті сападағы тауар ретінде сатып алған болсаңыз, онда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 15-бабына сәйкес сіз өз қалауыңыз бойынша сатып алған тауардың бағасын төмендетуді, сатушының есебінен кемшіліктерді жоюды талап етуге құқығыңыз бар. Егер сіз кемшіліктерді жою үшін ақшаны өзіңіз төлеген болсаңыз, онда сәйкесінше сатушы сіздің шығындарыңызды өтеуі керек. Сондай-ақ тауарды ұқсас тауарға айырбастауға немесе қайтарып, төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқығыңыз бар.

Айырбастауға және қайтаруға жатпайтын тауарлар да болады. Ондай тауарларға мыналар жатады: дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш-киім, шұлық, жануарлар және өсімдіктер, метражды тауарлар, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталар, трикотаж және гардин маталары, жасанды үлбір, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, ленталар, шілтер, таспалар, сымдар, баулар, кабельдер, линолеум, багет, пленкалар, клеенкалар. Сонымен қоса ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы.

 Тауардың тағы бір түрі – арзандатылған тауар. Мұндай тауар кемшіліктердің болуына немесе кемшіліктерді жоюға байланысты төмендетілген бағамен сатылады. Ал жаппай сатылым деп сапалы тауарларды төмендетілген бағамен сатуды айтады.

 Сауда орындарында «Тауар қайтаруға және айырбастауға жатпайды» деген жазбалар да кездеседі. Бұл заңды ма? Жоқ! Тауарды қай жерден сатып алынғанына қарамастан, дүкен немесе базар болсын бәрі де заңға бағынуға тиіс. 

Алайда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс. Чексіз сатып алу фактісін дәлелдеу үшін ол тауарды QR аударыммен алсаңыз жеткілікті, сондай-ақ куәгерлердің немесе дүкендегі қауіпсіздік камераларының көмегіне жүгінуге болады.

Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласа алады. Департаменттің мекен жайы:  Өскемен қаласы, Крылов көшесі 114, телефоны: 8/7232/267207, электронды мекен жайы: dzpp.vko@mti.gov.kz.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу