ШҚО-ның балықшылары Қытай нарығына шықпақшы
Шартты сурет
Шығыстың балықшылары Қытай нарығына шығудың амалдарын қарастырып жатыр.
Балық аулайтын учаскелерін тағы бес жылға бекітіп алған байтоғастық балықшылар биыл жұмысты тың серпінмен бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
«Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Болатхан Асылхановтың айтуынша, қоян жылы тарбағатайлық балықшылар үшін жаман басталмаған сыңайлы. Бірінші кезекте, аталған ұйым осыған дейін балық аулап келген учаскелерінің жалға алу мерзімін тағы бес жылға бекіттіріп, көл байлығымен нәпақа тауып жүрген балықшыларға еңбек етуге мүмкіндік сыйлады.
Тұтынушылары ұшан-теңіз аспан асты елінің нарығына шығуды көздеген тарбағатайлық балықшылар осылайша отандық өнімді өзге елдерге танымал етуді көздеп отыр. Сонымен қатар сұранысы жоғары нарық өз кезегінде байтоғастықтардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін де жақсартып, табыстарын арттыратыны сөзсіз.
Бұдан бөлек балықты аулап қана қоймай, көл байлығының молаюы бағытындағы жұмыстарды да қатар жүргізетін ауыл шаруашылығы кооперативі биыл да жоспарға сай осы бағытта бірқатар жұмыс жүргізбек. Осындай жұмыстың бірі Қара Ертістің мұзын ойып, судағы оттегі қорын молайту.
Жалпы, жыл сайын ақпан айынан басталатын бұл шараға «Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің ұжымы мен инспекторлардан бөлек, ауыл-аймақ тұрғындарынан құралған еріктілер де жұмылады.