ШҚО мақтанышы: Зайсанның тумасы халықаралық аренада үздік атанды
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тумасы, дарынды спортшы Аяулым Әмренова 2025 жылғы Қысқы Универсиадада фристайл могул жарысында күміс медаль қанжығалады. Туринде өткен беделді жарыста ол финалда өз отандасы, шығысқазақстандық Анастасия Городкоға жол беріп, екінші орынға тұрақтады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аяулымның спорттық мансабы бала кезінен бастау алған. Үш жасында коньки тебуді үйреніп, спортқа деген сүйіспеншілігін ерте жастан дәлелдеді. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдап, өз қабілетін жетілдіруге бар күшін салды.
2017 жылы Еуропа кубогында алтын, күміс және қола медальдарға ие болған ол халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар Аяулым 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында да жоғары нәтижелер көрсетті.
Қазақстан спортының тарихында Шығысқазақстандық өрендер жетістігі ерекше орын алады. Бұл өңір тек бай табиғатымен ғана емес, спортқа деген сүйіспеншілігімен және дарынды спортшыларды тәрбиелеуімен танымал. Қысқы спорт түрлері бойынша Шығыс Қазақстанның атлеттері халықаралық аренада ел абыройын асқақтатып келеді, ал жазғы Олимпиада ойындарында да аймақтың өкілдері жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Қысқы спорт түрлерінен, әсіресе шаңғы жарысы, биатлон, фристайл сияқты бағыттарда бұл өңірдің өкілдері жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, жазғы спорт түрлерінде, атап айтқанда, жеңіл атлетика, ауыр атлетика және бокс сияқты бағыттарда да шығысқазақстандық спортшылар жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра білді.