Өскеменде Бошай Кітапбаев туралы кітаптың таныстырылымы болды
Фото: Аяужан Утеулинова
Облыстық кітапханада Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаев туралы жаңа кітаптың таныстырылымы болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бошай Кітапбаев – болмысы бөлек тұлға. Бұлай дейтініміз, қазыналы қарт қолына қару да, қамшы да, қалам да ұстаған. Ол, ең әуелі, қолына қару алып, қан майданға кірді. Отан қорғау жолында бір аяғын майдан даласына тастап оралды. Соғыс ардагері атанғанда бейнетінің зейнетін көрейін деп те қарап жатпады. Миллионер-колхоздың бастығы болып, шаруаны ұршықша иірді. Сондағы төккен тері үшін Социалистік Еңбек Ері атанған.
Ілкіде туған өлкенің тарихын түгендеп, туған жұрттың шежіресін қаттап-шоттап еңбек жазды. Тұңғыш жарық көрген кітабын Оралхан Бөкейдің өзі жоғары бағалап, алғы сөз жазған көрінеді. Кейінірек «Тоғыз таңбалы Найман», «Шежіре», «Айта-айта Алтайды Бошай ата қартайды», «Жылы пікіріміз ешқашан өзгермейді» атты кітаптарды жарыққа шығарды. Түгел туындысы ойлы оқырман іздеп жүріп оқитын құнды мұраға айналды. Сол еңбегі үшін "Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атанған.
Ал Бошайдың атбегілігі – бір төбе. «Құланқара», «Бұланқара», «Желмая» сынды жүйріктері сол заманда аламан бәйгенің алдын бермеген көрінеді. Ұлы тойларда атсейістің өнеріне тәнті болған заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасын» жазғаны мәлім.
Қазыналы қарттың ғасырлық мерейтойы қарсаңында қалың оқырманға жол тартқан тың еңбекте құнды тарихи жазбалары, ой-толғаныстары, баспасөз бетінде жарық көрген сұхбаттары, фотосуреттері мен мұрағат құжаттары топтастырылды.
Аталған шараға қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев абыз ақсақал жайлы былай деп жылы естелігімен бөлісті.
– Мен ол кісіні жақсы танитынмын. Он төрт жыл бұрын осы өңірде қызмет істеп жүрген кезімде Бошай ақсақал әкімдікке келіп тұратын. Атамыз өте беделді кісі еді. Әкімдіктегілер қорқатын еді, кейбірі тіпті орнынан атып тұрып құрмет көрсетіп жататын. Ол кісінің әкімдікке келгені бірден белгілі болатын. Таяғымен еденді тақұлдатып, бүкіл кабинеттерді аралап шығатын. Мен ол кезде облыс әкімінің орынбасары едім. Менің де есігімді таяғымен итеріп кіруші еді. Әңгімесін айтып, батасын беріп кететін, – деп еске алды қазыналы қарттың көзін көрген өңір басшысы.
Сөз соңында жаңа кітаптың оқырманы көп болсын деген лебіз білдірді. Сондай-ақ облыс әкімі осы жұмада Катонқарағай ауданында Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілетінін, осы мерейтой аясында Бошай Кітапбаевқа арналған іс-шара да болатынын жеткізді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан зиялы қауым өкілдері де Бошай Кітапбаев жайлы үзік сыр, есті естелік айтты.