Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қамауға алынғандар саны екі есе өскен
ІІМ-де өткен брифингте ведомствоның әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров 2023 жылдың екінші жартысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қамауға алынғандар саны екі есе өскенін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Zakon.kz сілтеме жасап.
Ренат Зулхаиров 2023 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін еске салды. Осыған орай, қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуде өтініш беруден анықтау сипатына көшті. Яғни, әкімшілік өндіріс факт бойынша қозғалады. Соңғы құқықтық шешімді сот береді. Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар.
«Жаңа заңнама шеңберінде 2023 жылдың екінші жартыжылдығында тұрмыстық жанжал туралы 50 мың өтініш қаралды. Оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны екі есе өсті. Сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласты», - деді Ренат Зулхаиров.