Тұрмыстық зорлық-зомбылық: ШҚО-да 369 құқық бұзушы анықталды
Фото: orda.kz
ШҚО-да үйлерді аралау кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 369 құқық бұзушы анықталып, олар жәбірленушінің өтінішінсіз жауапқа тартылды.
Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаның қатаңдауына байланысты полиция өтініш беруден анықтаушы сипатқа көшкені белгілі. Нәтижесінде үйлерді аралау кезінде облыста 369 құқық бұзушы анықталып, олар жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұрын мұндай жағдайдарда татуласу өте көп болатын, ал қазір сотта бір рет қана татуласуға болады. Мамандардың айтуынша, осындай алдын алу шаралары өңірдегі қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Егер әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, жақын жердегі полиция бөліміне немесе «102» арнасына хабарласуы керек. Сондай-ақ егер сіз жақындарыңызға, көршілеріңізге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы білсеңіз, бұл жағдайға немқұрайлы қарамай, құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз, осылайша сіз біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін.
Айжанат Бақытқызы