ШҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық қалай?
Фото: Аяужан Утеулинова
ШҚО-да облыстың азаматтық қорғау жүйесі, яғни, жергілікті атқарушы органдар мен мекемелер, азаматтық қорғаныс күштері биылғы 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режиміне көшірілді. Осыған орай жуырда «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған.
Бүгінгі таңда өңірімізде жалпы саны 2334 адам, 735 техника, 50 жүзу құралы мен 223 мотопомпа табиғаттың тосын мінезіне қарсы әрекет етуге сақадай-сай дайын тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде ШҚО ТЖД-ның бастығы Ерғали Бахаев мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, биылғы қаңтарда «ЛК ГЭС» компаниясының жұмысты дұрыс үйлестірмеуі салдарынан Риддердегі 28 саяжайды су басқан. Осы орайда өңір басшысы Ермек Көшербаев Риддер қаласының әкіміне тапсырма беріп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін алдын алу керектігін ескертті.
Төтенше жағдай бола қалса адамдар уақытша паналай тұратын 153 орналастыру пункті белгілеген. Бұл пункттер 17 мыңнан астам адамды қабылдай алады.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің басшысы бүгінгі таңда Глубокое, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарында көктемгі су тасқынына дайындық әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу керектігін ескертті.