KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 1,9 м/с, ОШ
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да су тасқынына дайындық басталды

Фото: ШҚО ТЖД
Фото: ШҚО ТЖД
12.01.2024, 16:19 223 Оразай Жеңісұлы

Облыс әкімдігінде су тасқынына қарсы дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізілді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы «дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспары» бекітілгенін айтты. Бүгінде жоспарланған 36 іс-шараның 27-сі іске асты. Өңірдегі 71 елді мекенге тасқын қаупі төнетіні анықталған, дәл қазір 15 елді мекенде қауіп сейілді. Тағы 49 елді мекенде қауіп азайды.

Егер көктемде жағдай шиеленісетін болса, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің күші біріктірілмек. ТЖД ақпаратына сүйенсек, 2334 адам сақадай сай болады. Оған қоса 735 бірлік техника, 50 бірлік жүзу құралы және 208 мотопомпа дайын тұрады. 89 уақытша орналастыру пункті бар, жалпы сыйымдылығы – 8 448 адам.

Сондай-ақ жиынға қатысқан «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқан аймақтағы гидрометеоролигиялық жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, Марқакөл, Шемонайха, Самар аудандарында және Риддер қаласында қар жамылғысы ылғал қорының мөлшері жоғары. Ал топырақтың қату тереңдігі Самар ауданында және Ақжар ауылында өткен жылғыға қарағанда жоғары.

«Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов төрағалық еткен кеңес қорытындысында елді мекендердегі қарды қауіпсіз орындарға уақтылы шығару, жарылыс жұмыстарын жүргізілетін учаскелерді анықтау, арық арналарын, кәріз жүйелерін және жолдардың астындағы су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша тапсырма берілді», - деп мәлімдеді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу