Биыл жазда Өскеменнен Алакөлге пойыз жүреді
Фото: rail-news.kz
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерімен онлайн режимде өткен отырыста еліміздің туристік сала кәсіпкерлері жазғы маусымда жоспарланған бағыттарда қатынайтын пойыздардың вагондар санын көбейту, Алакөлге барып-келуді жеңілдету үшін жаңа бағыттар қосу жөнінде өтініш білдірді.
«Жолаушылар тасымалы ҰК» АҚ өкілдері биыл жазда Өскеменнен Алакөл курорттық аймағына пойыз бағытын шығару жоспарланып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Отырыста белгілі болғандай, Өскеменнен Алакөлге қарай шығатын 459/460 нөмірлі Өскемен 1-Жалаңашкөл-Достық бағытындағы пойыз кесте бойынша күн аралатып қатынайды. Аталған бағытта 332 жолаушы орны бар жеті вагон: екі купе, бес плацкарт жүреді.
Тасымалдаушы компания өкілдерінің сөзіне сенсек, Өскемен-Алакөл бағытындағы бұл пойыздардың вагондары жаңартылып, ішіне кондиционер қойылмақ.
Жанаргүл Мұқатай