Наурыздың жаңа символы үш қызғалдақ болып бекітілді
Фото: abrakadabra.fun
Ұлыстың ұлы күнін тойлауда ұмыт қалған дәстүр көп, алайда жаңашылдық та жоқ емес. Жыл өткен сайын жаңғырып, заманға бейімделіп келе жатқан дәстүріміз бен салтымыз да баршылық. Осындай игілікті бастамалардың бірқатары биылғы Наурыз мейрамы қарсаңында көпшілік қауымға насихатталмақ.
Наурыз тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада Наурыз мейрамын тойлаудың реформаторлық негіздемесі «кеше, бүгін және келешек» деген үш кезеңмен дәйектелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бірінші, практикалық деңгейде Ұлы далада жаңа жыл мерекесі 8-9 күнге созылғаны және «Наурызнама» деп аталғаны ескерілсе, екінші, модернистік деңгей халықтың жаңаруға, ырыс пен берекенің, ертеңгі күнге сенімнің артуына деген сұранысынан туындағаны негіз етілген. Ал үшінші, визионерлік деңгей жаңарған Қазақстанға болашақ ұрпақты тәрбиелеуге негіз болатын рухани тірек қажет екенін алға тартады.
Сондай-ақ ендігі жерде «үш қызғалдақты» Әз Наурыздың жаңа символы ретінде санаға сіңіретін боламыз. Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші ролін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі болып «үш қызғалдақ» бекітілді.
Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын да бейнелейді.
Ал биылдан бастап 14 – 23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды.