ШҚО халқының 42 пайызы спортпен шұғылданады
фото: atriumhealth.org
2023 жылы облыста денешынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың саны 305 989 адамға жеткен. Бұл Шығыс Қазақстан халқының шамамен 42 пайызына тең.
Салыстырмалы түрде алып қарар болсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 39 пайыздың (288 627 адам) айналасында болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Қусумбаевтың айтуынша, бұл республикалық көрсеткіштен (39,3 пайыз) де жоғары.
Статистикаға сенсек, облыста денешынықтырумен және спортпен 6 мен 13 жас аралығындағы 107,3 мың бала шұғылданса, оның 31,9 мыңы ауылдық жерлерде тұрады екен. Ал 14 жастан 18 жасқа дейінгі спортқа ден қойған жасөспірімдердің саны 28 мыңнан (6,1 мыңы ауылдық жерлерден) асады. Спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің ең үлкен үлесі Өскемен қаласында (73 713 адам) болса, ең азы Самар ауданында (2 555 адам) тіркелген. Белгілі болғандай, облыстағы ең танымал спорт түрлерінің қатарына футбол (28 606 адам), волейбол (26 232 адам) мен жеңіл атлетика (17 943 адам) кірген.