ШҚО халқының 42 пайызы спортпен шұғылданады
сурет: didar-gazeti.kz
2023 жылы Шығыс Қазақстандағы денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 42 пайызға дейін өсті. Яғни, облысымызда шамамен 306 мыңға жуық адам салауатты өмір салтын ұстанады деген сөз.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Қусумбаевтың айтуынша, жыл сайын облыс халқының арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында барлық жас санаттарына бағытталған 300-ден астам облыстық бұқаралық спорттық іс-шара өткізіледі. Оларға 32 мыңнан астам адам қатысады.
Оның айтуынша, денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар шығысқазақстандықтардың саны 38,7 мыңға дейін жеткен. Бұл облыстағы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың 13,5 пайызына тең көрсеткіш. Осы ретте, бүгінде мүмкіндігі шектеулі 42 спортшымыз ұлттық құрама мүшесі екенін айтқан жөн.
Жалпы, әртүрлі спорт түрлері бойынша облысымыздың 707 спортшысы ел құрамасына енген. Оның 250-і – балалар, 70-і – жасөспірімдер, 161-і – жастар, 226-сы ересектер құрамасына мүше екен.
Белгілі болғандай, 2023 жылы шығысқазақстандық саңлақтар әртүрлі спорт түрлерінен 4 116 медаль жеңіп алған, оның 1 368-і – алтын, 1 329-ы – күміс, 1 419-ы қола болған.
– Былтыр облыста 1 636 спортшы екінші және үшінші разряд алса, бірінші разрядқа 340 саңлақ ие болған. 401 жерлесіміз спорт шеберлігіне үміткер атанса, 70 спортшымыз Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Сонымен бірге, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мәртебесіне ие болған сегіз саңлағымыз бар, – дейді басқарма басшысының орынбасары.