Енді үй интернетін eGov Mobile көмегімен қосуға болады
Фото: Canva
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қазақстандықтарға eGov Mobile мобильді қосымшасының көмегімен үй интернетін қосуға мүмкіндік беретін жаңа сервисті ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бұл инновациялық сервис «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесе әзірленген.
Өтініш беру процесі операторларға автоматты түрде жіберіледі, сонымен қатар қажетті желілік инфрақұрылымның болуын тексеруді қамтиды.
«Қазіргі уақытта сервиске «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторы қосылған және жақын арада қазақстандықтарға тарифтердің барынша кең таңдауын қамтамасыз ету үшін басқа операторлар да қосылады»,-деп хабарлады ведомство.
Қызметті қалай пайдалануға болады?
- «Сервистер» - «Басқалар» бөліміне өтіп, «Интернетті қосу» тармағын таңдаңыз.
- «Маған қайта қоңырау шалу» түймесін басып, рұқсат беріңіз.
- Қажетті тарифті таңдап, «Өтініш беру» түймесін басып, деректерді растаңыз.
- Сіздің өтінішіңіз қабылданды!
Өтініш бергеннен кейін өтініш нөмірі мен мәртебені бақылау сілтемесі бар SMS жолданады.
Егер үйіңізде оптикалық желілер болмаса, оператор мамандары балама қосылым опцияларын ұсыну үшін бір сағат ішінде хабарласады.