МҰСТАФАДАН ТӘЛІМ АЛҒАН МҰЗБАЛАҚ
"Ұстаздық еткен жалықпас"
«Елдің атын ер шығарар» дейтін болсақ, Шығыстың да даңқын шығарып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы ұл-қыздары аз емес. Алтай алабынан шыққан қабырғалы қаламгер ақын-жазушыларымызды айтпағанда, өнер өлкесінде талмай жүзген таланттарымызды, әлемдік додаларда ел абыройын асқақтатқан шығысқазақстандық спорт саңлақтарын түгендер болсақ, бір қауым ел боп қалары сөзсіз. Заманында түрлі себептермен елге таныла алмай, тасада қап қойғандары қаншама?!
Белгілі-белгісіз себептермен тасада қап қойған тарландардың бірі – білікті заңгер, шығыс жекпе-жегінің қара белбеулі шебері,жерлесіміз Жиынбек Бұлжанов.
Осы жерде «Бүгінгі кейіпкеріміздің өзі жайлы сөз қозғамай тұрып, неге оның шыққан тегіне бір үңіле кетпеске?!» деген ой келді. Бұл ойым негізсіз де емес...
Жалғыздан тараған тарландар
Жалпы, Күршім өңірінде Бұлжановтар әулетін танымайтын-білмейтіндер кем де кем. Солардың айтуына қарағанда, әулеттің отағасы жарықтық Рәбіл ақсақал өз ісіне адал, кісіге қылдай қиянаты жоқ, шаруаға мығым адам болған деседі. Зайыбы Зағипа анамыз екеуі ұзақ жылдар совхоздың қойын бағып, адал еңбектерінің арқасында ел-жұрттың сый-құрметіне бөленген жандар көрінеді. Ақсақал бір атадан жалғыз ұл болса да, Алла тағала перзенттен қыспапты. Анамыз екеуі кіндігінен тараған тоғыз ұлы мен үш қызын қаршадайынан намысшыл, досқа адал, жан-жақты, өнерлі және ең бастысы – бір-бірімен тату болуға баулығандары көрініп тұр. Ұл-қыздарын өз қатарынан қалдырмай барлығын да оқытып, жеткізіп, өздері 2000 жылдары Бурабай ауылына көшіп кеп бала-шағасының қызығына кенеліп 80-нен асқан шақтарында пәни жалғаннан армансыз өткен көрінеді.
Жиынбек екеуіміздің әлеуметтік желі арқылы таныс болғанымызға екі-үш жылдың ғана жүзі болған. «Жақсының жаттығы жоқ» дегендей бір-бірімізден жырақта жүрсек те әлеуметтік желіде жария болған жазбаларымызды қолдап, пікір қалдырып жүретінбіз.
Мені қайран қалдырғаны, бұрын-соңды жүздесіп көрмеген Жәкең бауырым екеуіміздің қайсыбір ой-тұжырымдарымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы айналысқан спортымыз бен әскерде көрген қызықты оқиғаларымыз да, тіпті осы күнгі қайсыбір саяси көзқарастарымыздың да бір-біріне өте ұқсастығы.
Олай дейтін себебім, осыдан бірер жыл бұрын Жиынбек әлеуметтік желідегі парақшасына өз өмірінің өткен жолдары мен әскердегі, студент шағындағы басынан кешкен қызғылықты оқиғаларынан үзінділер жариялады.
Жәкеңнің шытырман оқиғаларға бергісіз жазбаларын оқи отырып, сол кезеңдегі өзімнің де басымнан кешкен небір оқиғалар көз алдымда қысқаметражды фильмнің кадрларындай боп тізбектеліп өтіп жатты.
Аса қатты әсірелемей-ақ, қазақы жалпақ тілмен қысқа да, нұсқа жазылған қолжазба желідегі оқырмандарынан қызу қолдау тапты. Сөйтті де, арада жыл өтпей жатып, таяуда ғана «Тірлік» деген атаумен кітап боп шықты. Өскемендегі О.Бөкей атындағы облыстық кітапханада өткізілген тұсаукесеріне әдейілеп барып қатыстым. Осы кеште ғой Жиынбек екеуіміздің бір-бірімізді алғаш рет жүзбе-жүз көріп, қол алысып танысқанымыз. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» демей ме?! Жәкең – өзім топшылағанымдай арам пиғылы жоқ, аузын ашса жүрегі көрінетін, аңқылдаған ақжүрек азамат екен. Осы бір аз ғана уақыттағы жүздесу, дастарқан басындағы азын-аулақ сұхбат мені көп ойға жетеледі. Өз өмір жолымдағы өткен-кеткен мен көрген-білгендерімді де санамда бір сараптап өтуіме зор мүмкіндік берді.
«Тірліктің» кезекті тұсаукесер рәсімі келесі күні Риддер қаласында жалғасты да, Жиынбек сол кеткеннен Маңғыстау асып, айналып Көкшетаудан бірақ шықты.
Негізгі мақсаты бір болғанымен, шығыс жекпе-жек түрлері өте көп. Каратэ, айкидо, таэквондо, у-шу, каратэ-шотокан, джиу-джитсу, кунг-фу, кудо, т.б. деп жалғасып кете береді. Осы жекпе-жек түрлерінің қай-қайсысының болмасын басты мақсаты – жолында жолыққанның бәрін қырып-жойып жайпап өту емес, төніп келген қауіп-қатерден өз-өзіңді қорғау немесе қауіп төнген әлдекімдерге болысу болып саналады. Жиынбектің жанқалтаға салып жүріп оқуға ыңғайлы етіп шығарылған «Тірлігін» байыптап оқыған оқырман кітап авторының да таэквондоның қара белбеу иегері бола тұра көп жерлерде жоғарыда айтылған жекпе-жек қағидаларын берік ұстанғанын аңғарады.
Көкжалдан көкжал туады
Қара белбеу демекші, «Қойлы ауылда өскен қарапайым қазақтың қара домалақ баласы осы қара белбеуге қалай қол жеткізіп жүр? Оны қай кезде, кімнің қолынан алды екен?!» деген сауал әр оқырманның көңілінде тұратындығы сөзсіз.
Бұл жайлы: – Әуелі Алла, екінші спорттың арқасында армиядан аман-сау, үлкен абыроймен оралдым. Ол жақта болған үлкенді-кішілі бейресми жекпе-жектер мен жабайы төбелестерді айтпағанда, әскери дәрежем сержант және бокстан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша «Карпат жағалауы әскери округінің чемпионы!» деген атағым болды.
Менің ғұмырымдағы 14 жасымнан басталған дене тәрбиесі бүгінгі күнге дейін үзілген емес. 1989 жылы жекпе-жек өнеріне қойылған тыйым (204-бап. Үш жылға дейін бас бостандығынан айыру) алынып тасталған соң, жертөледен спортзалға келдім. Екі жыл Марат Тәжімбетовтен (каратэ-шотокан. Талдықорған), бір жарым жыл Александр Медведьевтен (киокусин-каратэ. Өскемен), бір жарым жыл Юрий Чжаннан (у-шу, цициюнь цай. Өскемен), екі жыл Александр Радунец (кунг-фу, синь-хо-мэнь. Ақтау) сынды шеберлерден дәріс алып, «Ұстаздың оң қолы» дәрежесіне жетіп отырдым. Кунг-фудан тіпті вице-президент те болдым. Оқу-жаттығу сайыстарда біреудің қабырғасын сындырып, енді біреуді іштен теуіп төрт метрдей жерге ұшырып талдырған соң, ұстаздарым жарыстарға шығармады.
Алматыға біртуар ер – Мұстафа Өзтүрік ағамыздың арнайы шақыртуымен келіп, таэквондодан дәріс алып, Мұстафа ағамыздың өз қолынан «Қара белбеу» І Дан алған бес адамның бірі мен болдым.
Алғаш боксқа баулыған бапкерлерім Күршім ауданының агрономы Дүйсен, аудандық мұражай басшысы Мстислав Кушников ағайлардан бастап, жоғарыда аттары аталған ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Ұрыс өнерінің арқасында бойыма рух, қайрат бітті. Тіпті тәнді тәрбиелеу арқылы жанды да тәрбиелей отырып, ақындық, сазгерлік өнерлерімнің көзін ашқан да осы жекпе-жек өнері деп ойлаймын, – дейді Жиынбек Көкжал өзінің «Тірлік» атты деректі прозасында.
Неге Жиынбек Көкжал?! Иә, ол іштеріңіз сезіп отырғандай қазақтың біртуар батырларының бірі, кешегі қалмақ-жоңғар шапқыншылығында жан алысып, жан берісіп жүріп анталаған жаудан ұлан-байтақ даламызды қорғап қалған Көкжарлы Көкжал Барақтың жетінші ұрпағы. Спорт саласындағы бүркеншек аты да «Көкжал» екен. Сосын Жәкеңнің өткір мінезі мен шалт қимылдары, ешнәрседен қорқып-үрікпейтін өжеттігі мен қайсарлығы «Көкжал» атауына жарасып-ақ тұрғандай. Оған «Тірлікті» бір оқып шыққан адамның көзі әбден жетеді.
Ұрпағына дарыған баба рухы
Жәкеңнің өзі де батыр бабасының аруағынан ерекше рух пен жігер алып жүретіндігін кітабында жазыпты.
– Есімде, 1979 жылдың жазында әкеме қой айдастым жайлауға. Жайлауға шығу үшін алдымен паром арқылы Күршім өзенінен 1000 бас қойды 80-100 қойдан бөліп-бөліп өткізіп беретін Кушкин деген паромшы орыс. У-шу боп жүріп өзеннен кеш бата әрең өттік те Таңжарық деген жерге кеп түнедік. Таң бозынан малды ары қарай айдау керек болғасын мінгі атымызды шідерлеп қоятынбыз. Сағат төрттен кете әкем оятты, аттарды алып кел деп. Қолыма жүген алып, аттар жүр-ау деген бөктерге бет алдым. Таң алаң-елең болғандықтан маңай дұрыс көрінбейді. Кенет, сол жақ қапталымнан әлде не көлбең ете қалғандай болды. Қарап үлгергенімше болған жоқ, бір көкжал қасқыр тура алдыма келіп шоқиып отыра қалды. Қасқыр екеуіміздің арамыз ұзаса төрт-ақ қадам. Кілт тоқтай қалдым. Қасқыр анық көрініп тұр. Тура қарап отыр. Көзімді көзіне тура қадаған бойда «Ей!» деп айғай салдым. «Айғай салдым» деп айтуға ғана жеңіл, дауысым шықпайды-әй?! Екінші рет тағы да айғай салмақ болсам, тағы да дауысым жоқ, әншейін ауа. Сол кезде қынға сап, белбеуіме әкем тағып берген, милицияда қызмет ететін Нұрбек ағамның түрмедегілерге жасаттырған пышағы есіме сап ете қалды. Пышақты ойлағаным сол еді көкжал қасқыр жалт бұрылып, алдыма түсіп желе жөнелді. Мен пышағымды қынынан суырып ап, қасқырдың соңынан тұра қудым. Қасқыр алдындағы бір үлкен тастан секіріп өтті. Мен де сол қуып келе жатқан екпінмен секіріп тасқа шықтым. Қасқыр ізім-ғайым жоқ. Аттарды әкеп, әкеме болған жайды баяндап беріп едім, әкем өзіме ұрысты.
«Ой, Алланың әмірі! Нең бар деймін, қасқырдың соңынан қуалап... Ол сенің бала екеніңді біліп тұр... алдыңа келіп отырып алуын қарашы, ә?! Ол тастан секірген бойы тура кетпейді, жалт бұрылып артқа кетеді. Қайта сені ту сыртыңнан кеп жарып кетпеген. Құдай сақтаған екен. Тегі тоқ болғаны ғой шамасы, әйтпегенде...» деп маған сөйлеп атты ерттеп жатты.
Міне, арада аттай 45 жыл өтсе де сол оқиға осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Шынында да, таңым бар. «Жетінші сыныпты жаңа бітірген 14 жасар бала... көкжал қасқырдың соңынан пышақ ала жүгіретіндей не деген рух?!» деп ойлап қоямын, бүгін?! Әлде Көкжарлы Көкжал Барақ бабамның рухы ма екен жебеп тұрған?!
Рәбіл ақсақалдың тұңғыш ұлы Нұрбек біраз жыл Өскемен қаласындағы ішкі істер саласында қызмет етіп, өз саласының үздік маманы атаныпты. Өкінішке қарай, 2000 жылы ойламаған жерден жүрек талмасынан қайтыс болған. Қалған балалары аман-сау Алматы, Өскемен қалалары мен туған ауданы Күршімде ел қатарлы тірлік кешіп жатыр.
Тірлік демекші, Жиынбектің «Тірлік» атты деректі-прозасы бүгінгі қазақ жастары іздеп жүріп оқитын-ақ кітап. Неге десеңіз, дәл бүгінгі таңда ел болашағы саналатын жасөспірімдеріміздің барлығында болмаса да, басым көпшілігінің бойында батырлық рух, қайтпас қайсарлық, семсердей өткірлік жоқ.
Автордың өзі осы кемшілік жайында: – Болашақ ұрпақ рухтансын, қай жерде жүрсе де қазақ деген батыр да, батыл халық екендігін іспен дәлелдеп жүрсін деген оймен, бастан кешкен оқиғаларымды жазған едім, – дейді.
Дүниеге келгеніне 30 жылдан асып, қазір ел ішін шарлап кеткен «Анашым қартаймашы» атты туындының сөзі мен сазының авторы, әйгілі Мұстафа Өзтүріктің қолынан шығыс жекпе-жегінің І Дан қара белбеуін алған, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің авторы әрі ұстазы, 15 жылдай қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырзалиевпен ағалы-інілі рухани қарым-қатынаста болған, білікті заңгер жерлесіміз Жиынбек Рәбілұлы осындай, «Біздің елдің жігіттері!» деп мақтанып қана қоймай, жас ұрпақ үлгі-өнеге алатын сегіз қырлы, бір сырлы азамат.
Серік ҚҰСАНБАЕВ